Шекарадағы 12 кедендік өткізу пунктінде электронды кезек жүйесі іске қосылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының кедендік шекарасындағы 12 өткізу пунктінде электронды кезектің автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп ЕАЭО-ның сыртқы шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының кедендік шекарасындағы 12 өткізу пунктінде электронды кезектің автоматтандырылған жүйесінің пилоттық іске қосылғанын мәлім етті.

Электрондық кезек жүйесін құрудың мақсаты – көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың өткізу пунктіне кіру кезектілігін қалыптастыру процесінің ашықтығы мен цифрландырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің транзиттік-көліктік және экспорттық әлеуетін арттыру.

Жүйені ҚР ҚМ «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ мамандары әзірледі. Бұл жүйе барынша ыңғайлы және ашық болып табылады, жүргізуші көрсетілген порталда тіркелгеннен кейін немесе мобильді қосымша арқылы жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Бұл ретте жүргізуші өз кезегі туралы СМС-хабарлама алады.

Уақытша схемамен және электрондық кезекті енгізу мерзімдерімен ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми интернет-ресурстарында (kgd.gov.kz) және веб-сайт CargoRuqsat.kz (CGR.qoldau.kz) танысуға болады.

Электрондық кезек енгізілетін өткізу пункттерінің тізімі:

1) Темір-Баба (Маңғыстау облысы);

2) Нұр Жолы (Жетісу облысы);

3) Тәжен (Маңғыстау облысы);

4) Жібек Жолы (Түркістан облысы);

5) Целинный (Түркістан облысы);

6) Сырдария (Түркістан облысы);

7) Б. Қонысбаев (Түркістан облысы);

8) Майқапшағай (Шығыс Қазақстан облысы);

9) Қалжат (Алматы облысы);

10) Қазығұрт (Түркістан облысы);

11) Атамекен (Түркістан облысы);

12) Бақты (Абай облысы)

Еске салсақ, 2022 жылғы 23 қарашада «Достық авто» өткізу пунктінде электронды кезек жүйесін енгізу бойынша алғашқы пилоттық жоба іске қосылды. Іске қосылған сәттен бастап бұл жүйені 4,2 мыңнан астам пайдаланушы пайдаланды, брондауға байланысты 28 мыңнан астам операция жасалды.

Фото: gov.kz
Соңғы жаңалықтар