Шекара қызметінің офицері абайсызда гранатаны түсіріп алған сарбазды құтқарып қалды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Кеше шекара қызметіне қарасты 2027 әскери бөлімінде полковник Сергей Смицких таяуда ғана әскер қатарына алынған сарбазды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше Алматы облысында орналасқан 2027 әскери бөлімінде жас сарбаздар «Ұрыстық қол гранатасын окоптан, бір орыннан лақтыру» тақырыбы бойынша сабақ өтіп жатқан. Бұл - жоғары жауапкершілік пен басшылар тарапынан қырағылықты талап ететін жаттығу. Өйткені лақтырылатын нәрсе күнделікті жаттығудағыдай гранатаның муляжы емес, өзі. «Қару, әсіресе граната қателікті кешірмейді» дейді мамандар.

«Сарбаздар алдын ала мұқият үйретіліп, автоматизмге дейін жеткізілген іс-қимылдарды кезегімен орындап жатқан болатын. Алайда, бір сарбаз сасқалақтап, қолындағы шығыршығын суырып қойған гранатасын аяғының астына түсіріп алған. Осыны байқап үлгерген сабақ жетекшісі, 2027 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, полковник Сергей Смицких көз ілеспес жылдамдықпен окоп түбіндегі гранатаны іліп алып, қауіпсіз жерге лақтырып жіберді. Ал өзі сарбазды жерге құлатып, бүкіл денесімен оны жаба, үстіне құлаған. Жарылған гранатаның жарықшақтары окопқа дейін жетіп, полковник екі аяғынан және екі қолының сыртынан, сарбаз екі аяғы мен сол жақ жауырынынан жарақат алды. Тәжірибелі тәлімгер, полковник Сергей Смицкихтің салқынқандылығы мен шапшаңдығы болмағанда, оқиға салдарын көзге елестетудің өзі қиын болар еді» делінген хабарламада.

Әскери дәрігер алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткеннен кейін жараланған полковник мен сарбаз Іле ауданы Өтеген Батыр кентінің орталық аудандық ауруханасына жеткізіліп, әрі қарай Алматы қаласындағы ҰҚК орталық әскери госпиталіне жөнелтілді. Қазіргі уақытта екеуінің де жағдайы бірқалыпты.

Соңғы жаңалықтар