Шекара қызметін басқару моделі оңтайландырылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты - Мемлекеттік шекара туралы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру.

Мәжіліс депутаты Жанат Жарасовтың айтуынша, үш деңгейлі басқару моделінен екі деңгейліге ауыстыра отырып, Шекара қызметін басқару моделін оңтайландыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.

Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін әскери қызметшілер санатына ауыстыру және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жекелеген бөлімшелерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери құрамаларына қайта құру мүмкіндігі көзделеді.

Таратылған мәліметке қарағанда, Ұлттық қауіпсіздік органдарының оқу орындарын интеграциялау және кадрлар даярлау сапасын арттыру үшін заң жобасында Шекара қызметі академиясын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына беру көзделеді.

Заң жобасында қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы заңнамаға сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өкілдерінің шекара корабльдерінің, катерлер мен кемелердің техникалық және өзге де құжаттамасын дайындау, келісу, олардың өндірілуі мен қабылдануын бақылау жөніндегі қызмет қағидаларын бекіту жөніндегі құзыреті көзделген.

Еске сала кетейік, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі 2020 жылғы 17 маусымда бірінші оқылымда мақұлдады.



Соңғы жаңалықтар