Shazam қандай қазақ әндерін таниды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейтаныс әуеннің атауын тауып беретін Shazam қосымшасын бүгінде ай сайын 100 миллион адам қолданады екен. Өкінішке орай, бұл қосымшаға қазақ әндерін тану қызметі қосылмаған.

Елорда төрінде өтіп жатқан Global Challenges Summit 2018 форумы барысында Shazam қосымшасының негізін қалаушы Крис Бартон аталған бағдарламаның тану тізіміне қазақ әндерін де қосуға дайын екендігін білдірген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы Shazam бүкіл әлем музыкаларын, мәселен, жапон, корей, қытай, үнді әуендерін тануға ден қояды. Біз өзіміздің қосымшамызға қазақстандық музыканы да зор ризашылықпен қоса аламыз», - деген еді ол.

Бірақ, «үмітсіз шайтан». Дәл осы үмітпен біз Shazam қосымшасын телефонға жүктеп, бірқатар қазақ әншісін тексеріп көрген едік. Нәтиже қуантарлық. Қосымшада қазақ әндерін ресми тану қызметі енгізілмесе де, еліміздің бірқатар эстрада жұлдызын дөп басып тани алатындығына көз жеткіздік. Мәселен, қосымша Роза Рымбаеваның орындауындағы «Әлия», Қарақат Әбілдинаның «Ару ғұмыр», «Асыл әже», Ернар Айдардың «Күнім сен сөнбеші», «Жарай ма», Төреғали Төрәлінің «Біртүрлі қыз», Ерке Есмаханмен бірге айтатын «Алло», Еркенің «Қайда?», Бейбіт Қорғанның «От, от жанарың», Қайрат Нұртастың «Жаралы жанның әні бұл», «Алматы түні», Мұзарттың «Ол көктем оралмайды», Айқынның «Пах-пах», Бүркіт пен Аишаның «Мекенім Қазақстан», Ayree & Aray-дың «Қинама мені» әндерін бірден дәл таба алды.

Мұнан бөлек, Димаш Құдайбергеннің де орындауындағы әндерді дөп басты.

Өкініштісі, Димаштың қазақша орындауындағы әндерін анықтауға келгенде қосымша қауқарсыздық танытады. Тек Қытайдың I am a Sınger халықаралық жобасында орындалған шетелдік әндерін бірден көрсетіп берді. Қосымша «Ұлытау» қазақстандық аспапты этно-рок стиліндегі музыкалық ұжымының «Жұмыр қылыш», «Адай», «Япыр-ай», «Терісқақпай» сынды күй композицияларын да анықтай алады.

nullnullnullnull

Соңғы жаңалықтар