Шайбалы хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан Швейцариядан жеңілді
2022 жылғы 18 мамыр 01:49

Шайбалы хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан Швейцариядан жеңілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін шайбалы хоккейден әлем чемпионатында топ-дивизионда Қазақстан құрамасы үшінші ойынын Швейцарияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын барысында швейцариялық құрама жинақы қимыл көрсетті. Соған қарамастан бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде швейцариялық Денис Малыгин 23-минутта есеп ашса, Дарио Симьон 34-минутта есепті үстемелей түсті.

Үшінші кезеңде швейцариялық құрама басымдықты арттыра түскен еді. Осындай сәттердің бірінде қазақстандық хоккейші Егор Шалапов айдыннан қуылды. Кем құрамда ойнағанына қарамастан қазақстандық Джесси Блэкер мергендік танытты.

Ойынның 55-минутында швейцариялық Фабрис Херцог гоол соқса, 57-минутта қазақстандық Валерий Орехов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 2:3 есебімен жеңіліп қалды.

Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Дания және Франция құрамаларына есе жіберіп қойды.

Енді олар келесі ойынын 19 мамырда Канадаға қарсы өткізеді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT