НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден әлем чемпионатында топ-дивизионда Қазақстан құрамасы бүгін, 22 мамырда кезекті ойынын Германияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі ойында қазақстандық хоккейшілер тегеурінді қарсылық көрсетті. Алдымен Роман Старченко 2-минутта мергендік танытса, 4-минутта германиялық Йонас Мюллер таразы басын теңестірді. Одан кейін 15-минутта Егор Петухов 15-минутта Қазақстанды қайтадан алға шығарды. Ал Германия сапынан Леонард Пфёдерль 16, Даниэль Фишбух 18-минутта гол соқты.
Екінші кезеңнің 25-минутында германиялық Лукас Райхель өз құрамасының басымдығын арттыра түсті. Оған қазақстандық Павел Акользин 39-минутта есеп айырмасын қысқартты.
Үшінші кезеңде Никита Михайлис 40-минутта таразы басын теңестірсе, Ясин Эхлиз 47- минутта жеңіс шайбасын соғып кетті.
Осылайша Қазақстан қарсыласына 4:5 есебімен жол берді.
Енді қазақстандық хоккейшілер келесі ойынын 23 мамырда Италия құрамасына қарсы өткізеді.
Айта кетсек, әлем чемпионаты 13-29 мамыр аралығында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында өтеді.
Қазақстан құрамасы А тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Канада, Словакия, Германия, Дания, Швейцария, Италия және Франция.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Дания, Франция, Швейцария, Канада және Словакия құрамаларынан жеңілді.