Шайбалы хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы Финляндияны жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін Қазақстан құрамасы екінші ойынын Финляндиямен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарсыласымыз - әлемдегі үздік құрамалардың бірі. Айта кетерлігі, олар әлем чемпионатында 1995, 2011, 2019 жылдары жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, бұған дейін қос құрама төрт мәрте кездескен болатын. Оның барлығында финляндиялық хоккейшілер жеңіске жетті.

Бүгінгі ойында қазақстандық құрама лайықты қарсылық көрсетті. Бірінші кезеңде ойыншылар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңнің 33-минутында финляндиялық Антон Лунделль есеп ашса, оған 35-минутта Кирилл Панюков бір шайбамен жауап берді.

Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталмады. Буллитте Қазақстан басым түсті.

Осылайша, қазақстандық хоккейшілер қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Өз тарихында ҚР құрамасы Финляндияны тұңғыш рет жеңіп отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан құрамасы Латвияны буллитен 3:2 есебімен жеңді. Ал Финляндия-АҚШ матчы 2:1 есебімен аяқталды.

Қазақстандық хоккейшілер енді 25 мамырда АҚШ құрамасымен кездеседі.


Соңғы жаңалықтар