Шайбалы хоккей: Финляндия әлем чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін шайбалы хоккейден әлем чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлем чемпионаты 1920 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл 83 мәрте жалауын көтерді. Дүбірлі додада Словакияның Братислава және Кошице қалаларында 10-26 мамыр аралағында болып өтті.

Бүгін ақтық сайыста Финляндия және Канада құрамалары кездесті. Ойын барысында алдымен канадалықтар есеп ашқан еді. Оны 10-минутта Теодор Ши орындады. Дегенмен екінші кезеңде финдер таразы басын теңестірді. Атап айтқанда, 22-минутта Марко Анттилла шайба салды. Фин хоккейшілері үшінші кезеңде алға шықты. Бұл жолы да Марко Анттилла мергендік танытты. Ал 55-минутта финдер қатарынан Харри Песонен қорытынды есепті белгіледі. Финляндия осылайша Канаданы 3:1 есебімен жеңді.

Айта кетерлігі, бүгінгі күнге дейін Финляндия құрамасы небәрі екі мәрте әлем чемпионы атанған еді. Алдымен 1995 жылы алтыннан алқа тақса, одан кейін 2011 жылы дәл сол жетістігін қайталады. Ал Канада құрамасы 26 мәрте дүниежүзілік додада дара шықты. Соңғы рет 2016 жылы чемпиондыққа қол жеткізді.

Финляндия құрамасы биыл А дивизионында екінші орын алды. Бұл топта бірінші орын бүгінгі қарсыласы - Канадаға бұйырды. Одан кейін фин жігіттері 1/4 финалда Швецияны овертаймда 5:4 есебімен жеңді. Жартылай финалда Ресейді 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Ал Канада құрамасы А тобында бірінші орын алып шыққаннан кейін 1/4 финалда Швейцарияны овертаймда 3:2 есебімен жеңсе, жартылай финалда Чехиядан 5:1 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ, бүгін үшінші орын үшін сайыс өтті. Онда Ресей Чехияны буллиттен 3:2 есебімен жеңді.

Бүгінгі күнге дейін чемпион атану жөнінен СССР мен оның мұрагері Ресей құрамасы 26 алтын медальмен көш бастап тұр. СССР 22 және Ресей 5 мәрте чемпион атанған еді. Одан кейінгі орындағы Канада -26, Чехословакия (Чехия) -12, Швеция - 11, АҚШ -2, Финляндия -2, Ұлыбритания -1, Словакия -1 мәрте осындай табысқа қол жеткізген болатын.

Шайбалы хоккейден 2020 жылғы әлем чемпионаты келер жылы Швейцарияның Цюрих және Лозанна қалаларында өткізіледі. Дүбірлі дода 8-24 мамыр аралығында болады. Естеріңізге сала кетелік, оған біздің Қазақстан құрамасы да қатысады. Біздің құрама биыл бірінші дивизионның А тобында бірінші орын алып, А дивизионына берілетін жолдамаға ие болған еді.

Соңғы жаңалықтар