Шавкат Рахмонов Ақтөбедегі су тасқынынан зардап шеккен бір отбасыға үй салып береді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Қазақстандық аралас жекпе-жек файтері, бұл спорт түрінен бірде-бір жеңіліс таппаған спортшы Шавкат Рахмонов Қобда ауданының Қобда ауылында болып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Наурыз мейрамымен баршаңызды құттықтаймын. Керемет күнде 24 үйдің қазығы қағылып жатыр. Мен де бұл бастамаға өз үлесімді қосамын деп шештім. «Апат айтып келмейді» дейді. Сынақтарға мойымай, жеңе білдіңіздер. Сіздерге денсаулық, бақыт тілеймін. Тек алға!» - деді Шавкат Рахмонов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Ақтөбе облысының Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынатын үйлердің қазығы қағылды. Жаңа үйлер Қобда ауылының «Жаңақоныс» шағын ауданында бой көтереді. Құрылысы басталған 24 үй төтенше жағдайға қарастырылған бюджетке салынады. Олар биылғы 1 маусымда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Айта кетсек, 21 наурыз күні Астанадағы EXPO алаңында өткен мерекелік шара барысында таяуда ғана UFC аясындағы жекпе-жегінде жеңіске жеткен Шавкат Рахмонов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен болатын. Президент спортшыны жуырда жеке қабылдайтынын айтты.


Соңғы жаңалықтар