Шәуешек қаласындағы жұртты қызықтырған «Сырнай мұражайы» - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шәуешек қаласындағы жұртты қызықтырған «Сырнай мұражайы» - CNR

Қытайдағы Шәуешек қаласы шығыс пен батыс мәдениетінің үйлесімі тоғысқан орталық саналады. Осы «Гармонь мекені» аталған Шәуешек қаласындағы «Сырнай мұражайында» аспаптың түр-түрі сақталған, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты .

«Іле Қазақ автономиялы облысына қарайтын, Шығыс пен батыс мәдениетінің тоғысқан орталығы саналатын Шәуешек қаласында қытай, қазақ, ұйғыр, доңған, дағұр, орыс секілді ұлттардан құралған 146 мың халық тұрады. Сондықтан болса керек «Гармонь мекені» аталған Шәуешек қаласында әр ұлттың ән-күйі әуелеп, мәдени ортасы бір-бірімен тоғысып, үндесіп жатады. Ал бұл қаланың тұрғындарының гармонь аспабына деген құрметі мен ықыласы айырықша. Әр шаңырақтың төрінде гармонь аспабының ілініп тұруы қалыпты құбылыс. Көпшілік бас қосқан той-мерекеде немесе үйге қонақ келгенде болсын гармонның сазды үнін естисіз. Сонымен бірге «Гармонь мекені» аталатын қаладағы Сырнай мұражайыныңда атағы алысқа жетіп, бұл аспаптың осы мекен үшін қаншалықты маңызды болғанын әйгілей түседі. Аталған мұражайда әртүрлі мемлекеттерде жасалған, ұқсамаған үлгідегі 900-ден астам Гармонь аспабы сақталған. Тіптен базардан табыла бермейтін аспаптың көне нұсқалары да кездеседі. Бұл Қытайдағы қазіргі күнгі ең үлкен «Сырнай мұражайы» саналады. Сондықтан қалаға сырттан келетін қонақтар осы мәдени орталыққа келуге асығады», -деп жазады CNR сайты.

Еске сала кетейік, гармоньды 1822 жылы неміс шебері Ф. Бушман ойлап тапқан. Бұл аспап шыққан бойда өнерсүйер қауым арасында кеңінен таралып, тіптен, өзге түрлері де пайда бола бастады. Оның қолмен, аяқпен және ауызбен тартылатын түрлері бар екені белгілі. Қазақ халқы оған ұлтымыздың ежелгі үрмелі музыкалық аспабымен дыбыстық ұқсастығына байланысты «сырнай» деген атау берген. Бұдан басқа оның үн шығаруы мен аккомпанементтік тонның көптігіне байланысты аккордеон, баян, гармонь деген атаулары да бар. Ресейде сырнай XIX ғасырдың басында пайда болса, Қазақстанда ол сол ғасырдың екінші жартысында тарады. Қазақтың халық әншілері Майра, Нартай, Шашубай, Құтбай, т.б. гармоньмен ән салған.

Ресейден Моңғолия арқылы Қытайға газ құбыры тартылады - KAZNEWS

Ресейден Моңғолия арқылы Қытайға 960,5 шақырым газ құбыры тартылады, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары С.Амарсайхан Үкіметінің бүгінгі отырысында газ құбыры жобасын таныстырды. Жоба бойынша Хиагт-Сүхбаатар-Замын Үүд-Эрээнге дейін құбыр тартылады. Ұзындығы – 960,5 шақырым. Жоба бойынша газ құбырының құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталады. Екі елдің бірлескен жұмыс тобы бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатқанын айтты», - деп жазды Kaznews.

Теһранда «Атажұртым – Қазақстан» атты көрме өтіп жатыр - Фарс

Иран астанасы Теһранның Zarna галереясында Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Атажұртым – Қазақстан» атты көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Көрмеде ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдары, түскиіздер мен кілемшелер, картиналар мен кітаптар қойылған. Көрмеге Иранның медиа өкілдері және өнерпаздарымен қоса, Қазақстанның Ирандағы елшілігінің кеңесшісі Дүйсебай Дәуірбек қатысты. Көрме 6 күнге созылады. Ұйымдастырушы – ИИР Телерадио бірлестігі әлемдік қызмет торабына қарасты Қазақ радиосының аудармашысы Омарханова Гаухар Жұмағазықызы», - деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.

Самарқанд Өзбекстандағы тарихи - мәдени ескерткіштері ең көп аймақ - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстанда 2264 тарихи - мәдени сәулет ескерткіштері бар. Самарқанд елдегі мәдени ескерткіштері ең көп аймақ болып табылады, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Мемлекеттік статистика комитетінің хабарлауынша, 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Өзбекстандағы сәулет ескерткіштерінің саны 2264-ті құраған. Осы дерекке сай, республиканың әр бір аймағында қанша сәулет ескерткіштері бар екені туралы мәлімет жарияланды. Онда Самарқанд облысында 562, Бұхара облысында 507, Ташкент қаласында 288, Қашқадария облысында 208, Ферғана облысында 139 сәулет ескерткіштері бар...», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

2022 жылы Баян-Өлгейге бюджеттен 56,9 миллиард төгрөг қаржы бөлінді - KAZNEWS

Моңғолия Парламентінің кезекті сессиясында елдің 2022 жылға арналған бюджеті, Әлеуметтік сақтандыру қоры мен медициналық сақтандыру қоры, Болашақ мұра қорының 2022 жылға арналған бюджеті туралы заң жобасы талқыланып, бекітілді, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Моңғолия Парламентінің депутаты Әубәкір Тілеуханұлының баспасөз қызметі хабарлағандай, 2022 жылы Баян-Өлгей аймағына мемлекеттік бюджеттен 56,9 миллиард төгрөг қаржы бөлінген. Бұл қаржы мектеп, жатақхана, спорт зал, балабақша, мәдениет орталықтарын және өзге нысандарды салуға, техникалық құрал жабдықтар алуға жұмсалады», - деп жазды Kaznews.

Қазақстанда Ататүрікті еске алды - TRT

Түркия Республикасының негізін қалаушы Ғази Мұстафа Кемал Ататүрік дүниеден өткеніне 83 жыл толуына орай Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтанда салтанатты шарамен еске алынды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Еске алу шарасы Нұр-Сұлтандағы Ататүрік саябағындағы Ататүрік ескерткіші алдында өтті. Түркияның Қазақстандағы өкілетті елшісі Уфук Екиджи: «Бұл еске алу рәсімін атамекеніміз Нұр-Сұлтанда, елімізден алыс географияда өткізу - біз үшін құрмет және мақтаныш. Бұл күн біз үшін тек еске алу күні ретінде ғана емес, Ғази Мұстафа Кемал Ататүрік аманат етіп қалдырған республиканы, республиканың құндылықтарын, мұраттарын және жауапкершіліктерін еске алу мағынасында да мақтаныш қайнары» деді. Түркияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған салтанатты шараға Қазақстандағы түрік мекемелерінің өкілдері мен Нұр-Сұлтанда тұратын түрік азаматтары қатысты. Салтанатты шара Ататүрік ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен аяқталды», -деп жазады TRT.



Соңғы жаңалықтар