Шаттық Өтебалиева: Мықты ұрпақ – ел ертеңінің кепілі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде еліміздің алдында тұрған басты міндеттерді атап көрсеткен болатын. Осыған орай Орал қаласы білім бөлімі мектептен тыс жұмыс орталығы директорының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Шаттық Өтебалиева ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

Оның айтуынша, халқы бар, тілі бар Отан қашанда бақытты.

-Шаттық Саматқызы, Қазақ елінің одан әрі алға басуы үшін не істеу керек деп ойлайсың?

-Бұл ретте алдымен айтарым, халқымыз барда қандай қиын кезеңнен де аман өтеміз деп ойлаймын. Осы орайда атақты ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың халық, тіл және Отан туралы толғаған әйгілі өлеңі еске түседі.

Бүгінгі жағдай қоғамда барды бағалау, қадірлеу, шүкірлік ету керектігін тағы бір қаперлегендей. Отаны бар біз бақыттымыз. Кіші отанымыз – отбасымыз, үлкен Отанымыз – Қазақстанның ертеңгі күні Күннің нұрындай жарық, сәулелі болсын!

Отанның ертеңі мықты болуы үшін рухы биік, адамгершілігі мол білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Мықты ұрпақ – ел ертеңінің кепілі.

-Жеткіншек ұрпақты тәрбиелей білу де маңызды дейсің ғой?

-Иә, ел ертеңін билікке ғана жүктеп қою дұрыс емес. Әрқайсысымыз жан-жаққа тартпай, бір-бірімізге сілтемей, қоғам болып ұйысып, бірлесе жұмыстануымыз керек. Ана сүтімен берілетін тілді, дінді үйрету отбасынан басталады. Мемлекетке тірек болатын тұлға тәрбиелеу үшін мейірімді ата-ана, рухани құндылыққа бай ұстаз, шынайы дос, адал жар, әділ басшы, мықты әріптес керек. Сондай жандармен өмірде жолымыз түйіссе немесе сол мәртебеге ие болсақ, ұрпақ тәрбиесіне үлес қоса білсек, бақыттымыз. Себебі сондай жандардың қолдауымен, қанатты сөзімен, тәлім-тәрбиесімен өмір ағысына тез бейімделіп, еркін қанат қағатын рухы мықты тұлға өсіп шығады.

-Жаңа Қазақстанды құрудағы ортақ мақсат жолында бірігу керек екендігі айдай анық ақиқат емес пе?

-Ел басқару ісінде саясат пен руханият тепе-теңдігін сақтау үшін әр саланың мамандары жұмыла жұмыс жасауы қажет. Мен де педагог, «Nur Otan» партиясынан сайланған депутат ретінде жаңа Қазақстанның қалыптасуы жолында ел ертеңі – жас ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесімді қоссам деймін. Дәл осы уақытқа дейін де аз жұмыс жасалған жоқ.

Оралда қаншама мектеп жанындағы қосымша білім беру үйірмелері ашылып, жұмыс істеуде. Бұл үйірмелер балалардың білім көкжиегін кеңейтіп, өнерлерін шыңдап, болашақта мықты маман болуға бағыттауда. Сонымен қатар қазақтың қолөнеріне қызығушылықтарын оятып, ұлттық салт-дәстүрді үйірме арқылы бала санасына сіңіртуде.

Салауатты өмір салтын насихаттау, интеллектуалдылықты дамыту, өнер мен спортқа баулу, бос уақытты тиімді өткізу бағытында педагогтарға, балаларға барынша жағдай жасалып отыр. Дегенмен әлі де жетіспейтін тұстарымыз баршылық.

Балалардың талғамы өте жоғары, соған сай жұмыстану керекпіз. Шетелдің жұлдыздарын емес, қазақтың тарихын, батырларын, ақын-жазушыларын, зиялыларын, жанымызда жүрген мықтыларын бағалап, үлгі тұту маңызды.

Қорыта айтқанда, кең байтақ жерімізді қорғай алатын, қасиетті орындарын қастерлейтін, елім, жерім, туым дейтін жастарды тәрбиелей білуге тиістіміз.

-Әңгімеңе рахмет!


Соңғы жаңалықтар