Валюта бағамдары:
    usd/kzt 478.01 eur/kzt 488.81

    rub/kzt 7.91 cny/kzt 70.76
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Шарын ұлттық паркінде туризмді дамытуға 4,5 млрд теңге инвестиция тартылды

2022 жылғы 17 маусым 17:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында туризмді дамыту мақсатында 4,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының басшысы Ерқұлан Дүйсекеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігіне қарасты «Таунтон Плюс» консорциуміне Шарын ұлттық паркі аумағынан жер учаскесі берілді. Инвестицияның көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды. Келісімшартқа сәйкес инвестор Сапар орталығын, 2 глэмпинг, эко қонақүйлер, қызметкерлерге арналған жатақхана, караванинг, қазақ ауылын, балаларға арналған алаңдар салу жоспарланып отыр. Одан бөлек, мейрамхана, көшпелі тамақтану орындары, кемпинг және Шарын өзені бойынан өтетін көпірлер салу да жоспарда бар», - деді Ерқұлан Дүйсекеев елордада өткен «Ұлттық парктер: экологиялық туризмнің жаңа моделі» атты дөңгелек үстел отырысында.

Сондай-ақ министрлік өкілі аталған ұлттық парк аумағында шолу алаңы мен субұрқақтар болатынын айтып отыр.

«Келушілерге арналған ақпараттық табло, қоқыс контейнерлері мен демалыс орындықтарын қою қарастырылып отыр. Сонымен қатар ұялы байланыс антеннасы мен метеостанса орнатылады. Бүгінде инвестор электр қуаты желісін тарту бойынша жоба әзірлеп жатыр. Яғни Кеген ауданына қарасты Ұзынбұлақ ауылынан Шарын шатқалына дейін 40 шақырым жерге жарық тартылады. Сол сияқты Сарыбұлақ ауылынан шатқалға дейін 15 шақырым жерге электр желісі жеткізіледі», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін елордада «Qazaqstan Live Fest – 2022» атты халықаралық көрме ашылды.

Үш күнге созылатын шараны астана тұрғындары мен қонақтары тегін тамашалай алады.

Туризм, спорт және белсенді өмір салты тақырыбына арналған шара ЭКСПО аумағындағы халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр.


Автор:

Дәулет Ізтілеу

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар