Шарын ұлттық паркінде таутеке аулап жүрген браконьерлер ұсталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шарын ұлттық паркі аумағына заңсыз кірген браконьерлерден бірнеше қару тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.

30 шілде күні сағат 13:00 шамасында Шарын ұлттық табиғи паркі инспекторлары жүргізген рейд кезінде «Toyota Land Cruiser» маркалы автокөліктің ерекше қорғалатын табиғи аймаққа кіргені анықталып, ол туралы парктің жедел тобына хабарланған.

«Инспекторлық топ автокөліктің ізі арқылы Бұғыты таулары Алмасай аймағында (13 айналым 88 орам) мемлекеттік номері жоқ автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында 3 ойық ұңғылы мылтық, 2 пышақ, 1 рация және арнайы контейнерге салынған ет табылды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, автокөлік жанынан Сібір таутекесіне ұқсас аң терісі табылған.

«Көлікте болған үш азамат ұсталды. Олар - Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы және Алматы қаласының тумасы», - деп хабарлайды комитеттен.

Ақпаратта айтылғандай, тәркіленген заттар Ұйғыр ауданы полиция бөліміне тапсырылған.

Соңғы жаңалықтар