Шарын шатқалында қыз баланы құтқарған құтқарушылар марапатталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің алғыс хатымен Шарын шатқалындағы 10 жастағы қызды құтқаруға қатысқан 20 адам марапатталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіндегі баспасөз қызметінің мәліметінше,

Шарын мемлекеттік ұлттық паркінің гид-экскурсоводы Ернар Жүнісов Шарын өзенінің жағасында сел ағызған қызды бірінші болып байқаған.

Іздестіру-құтқару жұмыстарын сәтті орындағаны үшін Шарын мемлекеттік ұлттық паркінің гид-экскурсоводы Ернар Жүнісов, Алматы облысы ТЖД ЖҚЖ сүңгуірлік-құтқару бөлімшесінің басшысы Сергей Синяков, « Қазавиақұтқару» АҚ Еурокоптер-145 пилот-нұсқаушысы Андрей Бухал марапатталды. Сондай-ақ, Ұйғыр ауданының ТЖБ бас маманы Ринат Аблемитов, РЖҚЖ құтқарушылары Мұқанғали Қабылов, Бейсенғали Дүйсебаев, Вячеслав Смолов, Салтанат Назимова, Бекжан Қарағушинов, Вячеслав Шегер, Юсуф Жакан, Біржан Байкулов, Мақсұт Серғазин, Любовь Ефремова алғыс хаттарға ие болды. Және де Ұйғыр ауданының жедел медициналық жәрдем бригадаларының 16/1 және 16/2 қызметкерлері Данияр Нүсіпалиев, Берікбол Мақтыбаев, Гүлнар Қожа, Яршат Махамбет, Ұлан Бағдатов марапатталды.

«Алматы облысы ТЖД Жедел құтқару жасағы сүңгуірлік-құтқару бөлімшесінің басшысы Сергей Синяков баламен құтқарушыны өзен арқылы тасымалдау үшін тікұшақ шаңғысына қосарланған арқанды бекітіп, сақтандыру ұшын тастап ауа арқылы көтерді. Ал, жедел жәрдем қызметкерлері қызға медициналық көмек көрсетті.

Құтқарылған 10 жасар қызға дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін тікұшақпен Боралдай кентінің әуежайына жеткізілді»,- делінген ведомствоның баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, 29 мамыр күні Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болып, 1 адам із-түзсіз жоғалғаны, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Бір тәулікке жуық уақыттан соң он жастағы оқушы қыз аман-есен табылды . Аман-есен табылған оқушы жағдайдың қалай болғанын айтып бергенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар