Шаруаларға несие беру жеңілдетілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие беру үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жері болу қажеттігі бойынша талап алынып тасталды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің мәжілісмендердің депутаттық сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, осы айдың басында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев бастаған бір топ мәжілісмен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несиелеу шартарын қайта қарауды сұрап, Өмірзақ Шөкеевке депутаттық сауал жолдаған болатын. Олар «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқытылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген ауыл азаматтары аталмыш қордан үстіміздегі жылы мал шаруашылығымен айналысу үшін несие ала алмай отырғанын айтқан еді. Бұл сауалға Өмірзақ Шөкеев келесідей жауап берді.

«Бағдарлама бойынша бөлінген қаражаттардың қайтарымдылығына жүргізілген талдаудың негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жеке кәсіпкерлерге несие беру шарты тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері болған жағдайда ғана қарастырылған болатын. Бұл талап несие бойынша бизнес модельдің орнықтылығына, сонымен қатар салынған қаражаттың өзін-өзі ақтауына негізделген. Алайда бағдарламаның әлеуметтік сипатын ескере отырып, министрлік осы жылы 11 сәуірде «ҚазАгро» Холдингінің еншілес ұйымдарына несие беру шарттарын жолдады. Онда жеке кәсіпкерлер үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері болу қажеттігі бойынша талаптары алынып тасталды», - делінген жауапта.

Министрдің жауабына сәйкес, аталған талап тек зәкірлі кооперацияның қатысушылары үшін сақталған.

«Қордың несие беру шарттарын 2018 жылғы 17 сәуірде Директорлар Кеңесі қайта қарады және бекітті. Онда Бағдарлама шеңберінде мал шаруашылығын дамытуға және сатып алуға несие берілетін несиелік өнімдер бойынша жеке кәсіпкерлер нысаналы топ ретінде қосылды. Осылайша, қолданыстағы шарттар зәкірлі кооперацияның қатысушылары болып табылмайтын жеке кәсіпкерлер үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері болмай, барлық ауыл шаруашылығы жануарларын, құстарын, бал араларын өсіруге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы емес қызмет түрлерімен айналысу үшін қарыз алуға мүмкіндік береді», - делінген жауапта. 

Соңғы жаңалықтар