Шарм-эль-Шейхтен келген жолаушыдан 200-ден астам діни мазмұндағы кітап тәркіленді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент әуежайында Шарм-эль-Шейхтен ұшып келген рейс жолаушыларын тексеру кезінде 31 жастағы жігіттен 222 діни мазмұндағы кітап тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«5 шілде күні Шымкент қаласының әуежайында халықаралық «Шарм-эль-Шейх-Шымкент» рейсімен келген жолаушыларды тексеру кезінде Түркістан қаласының 31 жастағы тұрғынынан 222 діни мазмұндағы кітап табылды және тіркіленді.

Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері заң бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490-бабы 1-тармағы 3-тармақшасы (Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелу, әзірлеу, шығару, басып шығару және тарату) бойынша хаттама толтырып, материалдар сотқа жолданды.

2 тамызда Шымкент қаласының әкімшілік соты айыпталушыны жауапқа тартып, оған 50 АЕК, яғни 153 450 теңге айыппұл салынды», - делінген ресми хабарламада.





Фото: pixy.org


Соңғы жаңалықтар