Шардаралықтар Арыстағы жұмысын қорытындылады

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Арыс қаласындағы 3-ші сектордағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай салтанатты жиын өтті. Жамбыл облысының азаматтарымен бірге шардаралықтар да осы секторда екі ай бойына уақытпен санаспай еңбек етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Құсман Айтмұхамбетов пен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов пен Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек қатысып, ел игілігі үшін үлкен істердің атқарылғандығын атап өтті.

Іс-шара барысында арыстық ағайындарға көмек қолын созу ісінде аянбай еңбек еткен азаматтар түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, Шардара ауданы әкімінің орынбасары Нұрмахан Сапаров Түркістан облысы әкімінің және Түркістан облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен, «Шардара коммуналсервис» мекемесінің директоры Құрманғазы Әкпаров Түркістан облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды. Жалпы 3-ші сектор аумағында тазалық жұмыстарын жүргізген жамбылдықтар мен шардаралықтар 4,5 мың тонна қоқысты шығарды. Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтірді. Салтанатты жиында қала әкімдігі қиын-қыстау кезде арыстық тұрғындардың жандарынан табылып, үлкен жәрдем көрсеткен азаматтардың барлығына да алғыстарын білдірді. Іс-шарада Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары концерт қойып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұнан соң Шардара ауданы әкімінің ұйымдастыруымен 300 адамға арналып дастархан жайылды.

Соңғы жаңалықтар