Шардарада жергілікті тұрғын су қорғау инспекторларына оқ жаудырды

None
None
ШАРДАРА . ҚазАқпарат – Түркістан облысы Шардара ауданында жергілікті тұрғын су қорғау инспекторларын аңшы мылтығымен атқан. Келеңсіз жағдай заңсыз балық аулаушыларды ұстау кезінде орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Шардара су қоймасында инспекторлар кезекті рейд жүргізу кезінде қайықпен балық аулап жүрген үш адамды байқап қалған. Су қорғау инспекторларын көрген күдіктілер жасырынуға әрекет жасайды. Бірақ 17 шақырымнан кейін олардың қайығы таяз жерге тұрып қалады. Осы кезде жағалаудан қолында аңшы мылтығы бар белгісіз адам шығып, инспекторларға қарай оқ жаудырған. Осылайша су қорықшыларын қарумен қорқытып, тіпті ұялы телефондарын тартып алған. Қару кезенген адам балықшыларды ертіп, белгісіз жаққа қашып кеткен.

Осыдан кейін күдіктілерді іздеу және ұстау мақсатында полиция бөлімінен арнайы топ құрылды. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Шардара АПБ полиция қызметкерлері инспекторларға оқ атқан күдіктіні өз үйінен ұстады. Ол Шардара ауданының тұрғыны, браконьерлердің бірінің әкесі болып шықты. Тәртіп сақшылары ұсталған күдіктіден 16 калибрлі аңшы мылтығы мен жәбірленушілердің ұялы телефонын тәркіледі.

«Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды, өз кінәсін толық мойындады. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр» делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар