Шардарада кәсіпкерлер көпбалалы анаға баспана сыйлады

None
None
ШАРДАРА. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Шардара ауданында көпбалалы анаға баспана тарту етілді. Бұған дейін баспана тауқыметін тартып келген Қарлығаш Манаповаға ел азаматтары үш бөлмелі үйдің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел ағалары мен жомарт кәсіпкерлер бірігіп, облыста жүзеге асырылып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасына сауапты іс жасады.

Аталмыш шараға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев қатысып, үйлі болған 7 балалы отбасын құттықтады. Алдағы уақытта да қоғамды ізгілікке, мейірімге жетелейтін бастамалар жалғаса береріне сенім білдірді.

Айта кетейік, өңірде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының үйлестіруімен «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 1643 отбасы арнайы тізімге алынған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауында тұрған бағдарлама жұртшылық тарапынан қызу қолдауға ие болды. Партия филиалы, осы салаға жауапты басқарма, аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.

Осы ретте Шардара ауданында да ілкімді іс бар екенін айта кеткен жөн. Қазірдің өзінде облыс аумағында 10-ға жуық отбасы баспаналы болып үлгерді. Елдің жомарт, отаншыл кәсіпкерлері игі бастамаға айрықша үлес қосуда. Бағдарлама аясында тұрғындарға азық-түлік, қаржылай және өзге де көмектер көрсетіліп жатыр. Бұл отбасыларға 1135 куратор бекітілген.


Соңғы жаңалықтар