Шардарада балықтардың қырылу себебі түсіндірілді

Фото: None
ШАРДАРА. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы Шардара су қоймасында балықтардың қырылу дерегіне қатысты түсінік берілді. Балық инспекциясының мамандары балықтардың жаппай өлуі жылда болатын қалыпты жағдай екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оңтүстік аумақта, Шардара қаласында қыс мезгілі болмағаннан кейін балықтың иммунитеті төмендеп кеткен. Көктем мезгілінде балықтардың өлуінің осындай аздаған жағдайы анықталады. 10-15 күн ішінде судың астында көк шөп шыққаннан кейін, балықтар тіршілігі қалыпқа келеді», - дейді Түркістан облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Марат Қарақұл.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде Шардара су қоймасында шабақтардың өліп жатқаны туралы видео тараған болатын. Онда кейбір тірі балықтардың денесінде жаралар бар екені айтылған. Бұл мәселеге орай Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы мен Түркістан балық инспекцияларының мамандары мәлімет таратты. Олардың сөзінше, мөңке және сазан балықтары мен шабақтардың қабыршақтарында өзгерістер пайда болған. Кешегі күннің өзінде балық инспекторлары мен қорықшылар шабақтарды жинап алып, оларды утилизациялау жұмыстарын жүргізген. Ал Шардараның ветеринарлық қызметі зертханалық зерттеулер жүргізу үшін шабақтардың сынамаларын алды. Мамандар осынау зерттеулердің нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды әзірленеді деп атап өткен еді.



Соңғы жаңалықтар