Шардарада бақташы 30 млн теңгенің малын ысырап етіп, жоқ қылған

None
None
ШАРДАРА. ҚазАқпарат - Түркістан облысында бақташы біреудің 30 миллион тұратын малын жоқ қылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шардара полициясына Жетісай ауданы тұрғындарының бірі арызданып келді. Оның айтуынша, 2017 жылы Шардара ауданына қарасты құмдағы құдықта өзіне тиесілі 617 бас ұсақ малды өзара келісімшарт бойынша жылдық төлдің 50%-ын бағатын болып Шардара ауданының тұрғынына сеніп тапсырған. Биылғы 4 маусымда қойларын санауға келген ол әрқайсысы 35 000 теңге болатын 617 бас саулық қойын, құны 60 мың теңге болатын 15 қошқарын, құны 200 000 теңге болатын биылғы 307 бас қозысын және құны 400 000 теңге болатын 1 жылқысын бақташының ысырап еткенін көреді. Материалдық шығын көлемі - 30 миллион теңгеге жуық.

«Аталған жайт ҚР ҚК 189-бабы бойынша тіркелді. Полиция қызметкерлері жедел іс-шара барысында бақташы болып жұмыс істеген Жетісай ауданының тұрғынын ұстады. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, жәбірленуші 617 бас қойын бақташыға беріп, ол мал басының өсуі мен сақталуын бақылауға міндеттенеді. Алайда, күдікті екі жыл ішінде оған сеніп тапсырылған малды заңсыз ысырап етіп, сатып жіберген» делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ешқайда кетпеу жөнінде қолхат берген. Сараптама тағайындалған.

Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде мал иелеріне қырағы болу және өз мүлкінің сақталуын қадағалау қажеттігін ескертеді. Үй малын жайылымда қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оны танымайтын адамдарға бағуға беруге болмайды.

Соңғы жаңалықтар