Шардара ауданының әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті – Түркістан облысы

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай бастаған топ барлық ауылдық округтерді аралап, ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Ақшеңгелді ауылдық округінен басталған жұмыс сапары одан әрі қарай Достық, Сүткент, Қызылқұм ауылдарында жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан басшысы сондай-ақ, Жаушықұм, Қ.Тұрысбеков, Алатау батыр, Ұзын ата ауылдарын да көріп, ондағы мәселелермен таныс болды. Қоссейіт және Көксу ауылдарының тұрғындарымен де кездесіп, шешімін таппай отырған проблемаларын тыңдады. Әкіммен кездескен жергілікті халық бірінші кезекте мақта бағасының төмендігін көлденең тартса, одан кейінгі кезекте ауыз су мен ағын су, газдандыру мәселелерін көтерді. Осы мазмұндағы мәселелер аудан прокуроры Руслан Әбдірайымовтың қатысуымен өткен Сүткент ауылындағы кездесуде де көтерілді. Әрбір тұрғынды мұқият тыңдап, олардың айтқан талап-тілектері бойынша Қайрат Жолдыбай бұл шаруалардың оң шешілуі үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. «Ауыл аралаудағы басты мақсат – күзгі жиын-терім науқанының барысымен және ауылдардағы кәсіпкерлік нысандардың жай-күйімен танысып, туындаған мәселелердің оңтайлы шешілу жолдарын табу. Сондықтан да тұрғындарды толғандырып жүрген проблемаларды шешуге және аяқсыз қалдырмауға тырысамыз», - деді Қайрат Жолдыбай. Аудан әкімінің айрықша назар аударған мәселесінің бірі – ауылдарда жүзеге асырылып жатқан 29 жобаның орындалу барысы болды. Атап айтқанда, Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша облыс әкімі жанынан жобалық басқару кеңсесі құрылған болатын. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында ауданда 29 жоба жасалынып, облыста қолдау тапқан. Бұл жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамыту, құс және балық өсіру, бір жылда егістік алқаптан екі рет өнім алу бағытындағы жұмыстар. Жобалардың дені қазіргі таңда өз жұмыстарын бастап та кетті. Аудан әкімі аталған кәсіпкерлік нысандардың жұмыстарын аралап көріп, шаруалармен тілдесті. Аудан басшысымен бірге шыққан түрлі саланың басшылары да тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар берді.

Соңғы жаңалықтар