Шарбақтан қалай секіргенімді білмей қалдым: Студент қызды зорлықшыдан құтқарған астаналық марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада колледж студентін зорламақ болған күдіктіні дер кезінде ұстап, ерлік көрсеткен астаналық Любовь Шаухалова марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздің негізгі міндетіңіз балаларға тікелей қатысы болмаса да, мектеппен оның көркеюі жолындағы еңбегіңіз зор. Сіздің жасаған ерлік мектеп оқушылары үшін, жалпы барлық адамдар үшін үлгі болып табылады. Оның үстіне сіз әйел адамсыз, сондықтан да сіз екі есе ерлік жасадыңыз. Алдағы уақытта осы секілді оқыс оқиғалар қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдайтын боламыз. Мектеп басшыларымен жиын өткізіп, мектептегі күзетті күшейту мәселесі қолға алынады», - деді қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин марапаттау сәтінде.

Өз кезегінде ерлік жасаушы елордалық тұрғын кез келген адамның ондай оқиғаға бей-жай қарамайтындығын айтты.

«Менің орнымда болған кез келген адам солай жасар еді. Мен тек оқиғаны ертерек байқап қалдым. Тіпті шарбақтан қалай секіріп өткенімді білмей қалдым. Оның үстіне біздің мектептің ауласында орын алып жатты, әрине мен көріп тұрып бей-жай қарай алмадым», - деді Любовь Шаухалова.

Ол оқиға болған маңдағы мектеп шаруашылық бөлімде істейді.

Айта кетсек, кеше Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына белгісіз ер адамның 17 жастағы колледж студентін зорламақ болғандығы туралы хабарлама түскен.


«Істің мән-жайын анықтау барысында зардап шегушінің шамамен сағат 09:45-де інісін алып кету үшін мектепке бара жатқаны анықталды. Жолда оған мас күйдегі белгісіз еркек жолыққан. Күдікті қыздың бетінен ұрып, тасалау жерге сүйрей бастаған. Қарсылық танытқан қыз көмекке адамдарды шақырған. Нәтижесінде қыз сытылып шыққан», - деп хабарлады аталған ведомство.





Соңғы жаңалықтар