Шаңырақ үлгісінде салынған Текес қаласын кім жобалаған - Шетелдегі қазақша БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Тұман шөккен таңғажайып Текес қаласы - Тяньшаньнет

Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысы Текес ауданының орталығы Текес қаласы ерекше жобалық үлгісімен жұртқа кең танылған, деп жазады Қытайдың Тяньшаньнет ақпарат порталы.

«Қытайдің Шыңжаң өлкесіндегі Текес ауданында дүние жүзіндегі ең үлкен, ең кемелді «Сегіз қырлы» Текес қаласы бар. Текес қаласы геометриялық сегіз қырлылығымен әйгілі, жалпы архитектурасы дөңес формасында келіп, көше жолдарының орналасу ерекшелігі орда тәрізді, жолмен-жолдары, көшемен-көшелері өрмекшінің торындай (тұтасып) торланып жатады. 2001 жылы бұл қала Геннис рекордтар кітабына енген. 2008 жылы оны Мемлекеттік кеңес тарихи-мәдени қалалардың қатарына қосқан. Назарларыңызға бөгенайы бөлек ерекшелігімен ел құлағын елеңдеткен Текес қаласының күзгі жаңбырдан кейінгі таңғажайып көркем табиғат көріністерінен фоторепортаж ұсынамыз», - деп жазады Тяньшаньнет.

Айта кетейік, Текес жері заманында Түркі жұрты, Үйсін ұлыстары мекен еткен қасиетті топырақ.

Өлкетанушылардың дерегінше, Іле өңірінде 30-шы жылдары сол тұстағы рулық-әкімшілік жүйе бойынша 28 ақалақшы ел болған.

Әр ақалақшыға 1000 түтін үй бағынған. Сондай ақалақшылардың бірі - Әлімжан Текес ауданының қала құрылысын шаңырақ формасында жобалап салуға ұсыныс жасаған.

Сол кездегі аудан әкімшілігі жағынан бұл ұсыныс қабылданып, қаланың салыну үлгісі оның жобасы негізінде қаланған.

Сонымен бірге Әлімжан ақалақшы Текес аудан болып алғаш құрылғанда қазақтарды отырықшы өмір кешуге үгіттеген.

Ал, 2019 жылы Текес ауданында тіркелген халық саны 166 337 адам болған. Этникалық саны аз ұлттар жалпы халықтың 83,01% құрайды.

Текес қаласының өзіне тіркелген халық саны - 36627 адам. Аудандағы Текес өзені Балқашқа құятын Іле өзенінің басты ағыс көзі саналады

Қазақстан елшісі Баян-Өлгей аймағына жұмыс сапарымен барды - Kaznews

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Баян-Өлгей аймағына жұмыс сапарымен барды, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Ж.Әділбаев 25-28 қазан күндері өткен жұмыс сапарының аясында Баян-Өлгей аймағының әкімі Бауыржан Дәлелұлымен және Баян-Өлгей аймағының Азаматтық Өкілдер Хуралының төрағасы Бейбітхан Нұриұлымен келіссөз жүргізген.

Тараптар Моңғолияның Сыртқы істер министрі Б.Батцэцэгтің Нұр-Сұлтанға жасаған сапарының қорытындысы, Баян-Өлгей аймағы мен Қазақстан Республикасының шығыс өңірі арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің перспективалары, сондай-ақ Қазақстанға ет экспортының көлемін арттыру мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.

Ресми келіссөздерден кейін Ж.Әділбаев Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысты. Бұл іс-шара қазақ диаспорасы, жергілікті зиялы қауым мен бизнес өкілдерінің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өтті.

Өзінің сөзінде Ж.Әділбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл ішіндегі басты табыстарын атап өтті: экономикалық дамудың қарқындығы, әлеуметтік даму, халықаралық қауіпсіздік архитектурасындағы рөлі туралы айтты.

Бұған қоса, отандық дипломат іс-шара қатысушыларына елдің тұрақты дамуы мен азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған қазіргі экономикалық және саяси реформалары туралы мағлұмат берген.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат тәуелсіздік жылдар ішінде этникалық қазақтардың тарихи отанына ерікті түрде оралуын ынталандыру саясатын жүргізіп келгенін атап өтіп, қандастарды қолдау мақсатында «Отандастар қоры» КЕАҚ тарапынан қабылданып жатқан іс-шаралар туралы қысқаша мағлұмат берді.

Өз кезегінде қазақ диаспорасының өкілдері этникалық бірегейлікті сақтау, Қазақстанға репатриациялау мүмкіндігі және Моңғолияда Қазақ мәдени орталығын ашу мәселелерін көтерді.

Жұмыс сапары барысында Ж.Әділбаев «Азат халал» ет комбинаты мен «Ақбоар» тас өндірісінің жұмыстарымен танысты. «Азат халал» ет комбинаты 2016 жылы ашылған және кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 200 басқа дейін ірі қара мен 800 бас ұсақ малды союға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, қазақстандық дипломат оқу орындарын аралап, қазақтың күйлері, халық әндері мен фольклорлық-шешендік өнері қамтылған «Даналық әліппесі» атты интерактивті кітаптарды табыс етті.

Сонымен қатар, Елшінің жұмыс сапары күндері А.Бабиұлы атындағы Баян-Өлгей аймағының орталық кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай «Әлем қауымдастығы таныған Қазақстан» тақырыбында фотокөрме ашылды.

Фотокөрме қонақтарға Қазақстан дамуының негізгі кезеңдерімен, елімізде өткізілетін ірі халықаралық іс-шаралармен, еліміздің табиғи сұлулығымен және сәулет өнерінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік берді.

Аталған көрме 15 қарашаға дейін жалғасады.

Өзбекстан жеміс-жидек пен көкөністі қай елдерге көбірек экспорттаған - ӨзА

Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, 2021 жылдың 9 айында Өзбекстаннан жеміс-көкөніс өнімдерінің – 483 мың тоннасы Қазақстан еліне экспортталған, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«Жеміс-жидек пен көкөністің ең көп сатылатын мемлекеттер қатарында Ресей (289 мың тонна), Қырғызстан (100 мың тонна) және Қытай (40 мың тонна) елдері бар. 9 айлық қорытындыға сай жасалған экспорт тізіміне сондай-ақ Украина (26 мың тонна), Ауғанстан (23 мың тонна), Түркіменстан (21 мың тонна), Пәкістан (19 мың тонна), Беларусь (11 мың тонна), Түркия (9 мың тонна), Әзірбайжан ( 6 мың тонна), Иран (6000 тонна) және Германия (3400 тонна) сынды елдер орын алған», -деп жазады «ӨзА» агенттігі.

Алматыда түрік кинофильмдері апталығы басталды - TRT

Қазақстанның Алматы қаласында 6-шы түрік фильмдері апталығы басталды. Түрік фильмдері апталығы 27-31 қазан аралығында өтеді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Киноапталық «7-ші камерадағы ғажайып» атты фильммен басталған.

Салтанатты кешке Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, продюсерлер, режиссерлер мен актерлер, сондай-ақ Қазақстан азаматтары қатысқан.

«Киносүйер қауымның қатысуымен өткен шараға «Жетінші камерадағы ғажайып» фильмінің жас актрисасы Ниса София Аксунгур қонақ болды. Сондай-ақ түрік әртістері өнер сүйер қауыммен кездесу өткізді. Түрік фильмдері апталығы аясында үздік түрік режиссерлердің марапат алған 6 туындысы көрсетіледі. Киноапталық шеңберінде сондай-ақ фильм көрсетілімінен кейін әртістер мен көрермендер арасында кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен бірге түрік делегациясы қазақстандық кино әртістерімен екіжақты кездесулер өткізіп, бірлескен туындылар бойынша сұхбаттар өткізеді», - деп жазады TRT.

Түрікменстан мен Қазақстан Иран арқылы транзиттік байланысты кеңейтуге келісті - Parstoday

Түрікменстан мен Қазақстан басшылары Иран арқылы транзиттік байланысты кеңейтуге келісті, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Құрбанқұлы Бердімұхамедов пен Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта өткен баспасөз отырысында: «Екі елдің транзиттік қатынасы əсіресе Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жол бағытында орындалуы тиіс», -деген.

«Екі ел басшылары осы темір жол арқылы тауар экспорты мен импорты үшін қолда бар əлеуетті пайдалану қажеттігін айтты. Түркіменстан мен Қазақстан басшылары осы баспасөз отырысында екі елдің үкіметтеріне өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін тиісті келісімдерге қол қойып, инвесторларды қолдауды тездетуге нұсқау берді. Жыл сайын аймақ жəне екі ел облыстары деңгейінде бизнес форум өткізу, Маңғыстау облысы мен Балкан облысы шекарасында жүк тиеу терминалы бар арнайы сауда аймағын салу - Құрбанқұлы Бердімұхамедов пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел əріптестігін кеңейту үшін ұсынған ұсыныстарының бірі болды. Тасымал мен транзит саласында Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолын толық пайдалану жəне Ақтау, Құрық жəне Түркіменбашы айлақтары арасында əрекеттестікті арттыру басты міндет деп аталды», - деп жазады Parstoday агенттігі.


Соңғы жаңалықтар