«Шаңырақ» бағдарламасы: Алматыда 55 отбасыға пәтер кілттері табысталды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Шаңырақ» жобасы бойынша 55 отбасыға пәтер кілттері табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрлы жер» бағдарламасының «Шаңырақ» пилоттық жобасына қатысушыларды несиелендіру» бағыты бойынша «Отбасы банкі» АҚ Alma City 5 тұрғын үй кешеніндегі 440 пәтерге резерв жасаған. Бұл туралы Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев Instagram-парақшасында жазды.

«Бүгінгі таңда «Отбасы банкі» АҚ-ға төлем қабілеттілігін растаған 389 азаматтың тізімі берілді. Біз тұрғын үйді сатып алу-сату шарттарын тіркеу жұмыстарын жүргіздік. Тіркеуші орган мен банктен растайтын құжаттарды ұсынған бағдарлама қатысушылары сенбі күні үйлеріне кірді. Бағдарламаға әкімдікте кезекте тұрғандардың барлығы қатыса алады»,- деді ол.

Тұрғын үй несиесі 18 миллион теңгеге дейін жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна - 10 пайыз, несие мерзімі - 20 жылға дейін.

Айта кетейік, Алматыда кезекте тұрған 2088 адам «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанамен қамтылған, оның 1631-і пәтерлерін биыл алды.


Соңғы жаңалықтар