Шанхайда АХҚО-ның инвестициялық мүмкіндіктері көрсетілді

None
None
БЕЙЖІҢ-ШАНХАЙ. ҚазАқпарат - Шанхай қор биржасында «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) инновациялық және қаржы мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Шараны Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі және «Самұрық-Қазына» АҚ-тың қолдауымен АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов бастаған делегациясы өткізді. Оған Қытайдың инвестициялық, қаржы-банк, делдалдық және іскер шеңберлерінің 150-ден астам өкілі қатысты.

«Біз «Астана» Халықаралық қаржы орталығында жаңа биржа ашып жатырмыз, ол Американың Nasdaq жоғары технологиялық биржасы және Шанхай қор биржасымен тығыз ынтымақтастық жасайтын болады. Шанхай қор биржасы Қытай бизнесі және қаржы қоғамдастығымен байланыстарды дамытуға ықпалдастық ететін болып келістік», - деді Қ. Келімбетов ҚазАқпаратқа.

Оның сөзіне қарағанда, қытайлық инвесторлар Қазақстандағы инвестициялық климат пен ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына қызығушылықпен қарап отыр.

«Қытайлық банкирлер мен инвесторлар АХҚО-да ағылшын құқықтарының орнатылуы мен Астанада жаңа биржаның ашылуын қолдайды. Жалпы, шараға деген қызығушылық жоғары болды. Биыл Бүкіләлемдік биржа федерациясының төрағалығы Шанхай қор биржасына өтті. Ол капиталдандырудың әлемдегі Nasdaq-тан кейінгі төртінші ең ірі биржасы. Осы екі биржа Астанадағы жаңа биржаны Жібек жолы және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында Орталық Азиядағы негізгі биржа ретінде қарастырып отыр», - деді Қ. Келімбетов.

Соңғы жаңалықтар