Шанхай ынтымақтастық ұйымына 2019-2020 жылдар аралығында Ресей төраға болады

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр.

Жиынға төрағалық етіп отырған Қырғыз Президенті Сооранбай Жээнбеков ең алдымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Бішкектен.

«Осы мүмкіншілікті пайдаланып ең алдымен Қазақстан тарапын сайлауды табысты өткізуімен құттықаймын. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сайлаудағы Сіздің жеңісіңіз қазақ халқының өзіңіз таңдап алған саяси және әлеуметтік-экономикалық жолға деген зор сенімін білдіреді. Сізге зор денсаулық және мемлекеттік қызметіңізге табыстар, бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен гүлдену тілеймін», - деді кеңестік кеңейтілген отырысын ашқан Қырғыз Президенті.

ШЫҰ-ның даму жай-күйі мен келешегі жайында пікір алмасылып, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер талқыға түсіп жатқан отырысқа Қырғыз Президенті С.Жээнбеков төрағалық жасап отыр. Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Президенті В.Путин, Пәкістан Премьер-Министрі Имран Хан, Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон қатысып отыр. Мұнан бөлек, шараға байқаушы елдерден Ауғанстан Президенті А.Гани, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Иран Президенті Х.Рухани, Моңғолия Президенті Х.Баттулга қатысуда.

Отырысы соңында Мемлекет басшылары 14 құжатқа, оның ішінде 13 шешім мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Бішкек деларациясына қол қоймақ. Сонымен қатар отырыс аясында БАҚ, спорт, денсаулық сақтау, ШЫҰ-ның халықаралық байланысын кеңейту салаларындағы ықтымақтастықты қамтитын 7 құжатқа қол қол көзделеді.

Қазақстан тарапы бастамашылығымен әзірленген денсаулық сақтау, ШЫҰ-ның «Астана» халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-қимылы, цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобының мұнан арғы іс-қимылы сынды салалардағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжаттар да рәсімделмек.

Сондай-ақ саммит аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және кеңейтілген құрамдағы жиындарға қатысып, аймақтық және Ұйым шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері бойынша сөз сөйлейді.

Айта кетерлігі, 2019-2020 жылдары ұйымға төрағалық Ресей тарапына өтеді және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы 2020 жылға жоспарлаған.

Соңғы жаңалықтар