Шаң басқан Шетпеде тағы 12 карьер тексеріледі

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы экология департаменті Шетпе ауылына жақын орналасқан бірнеше карьерге тексеру жүргізіп, тиісті шара қолданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе ауылында құрылыс тастарын өндіруші 28 кәсіпорын бар. Мекемелер тасты уату арқылы қиыршық тас алып отыр. Салдарынан Шетпе ауылы карьерлермен қоршалған және күнделікті қиыршық тас өндіру, жарылыс, тиеу-түсіру мен тасымалдау жұмыстары шаң көтерілуіне себепкер болады.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары соңғы 10-15 жылдан бері қиыршық тас өндіретін карьерлерден шаң көтеріліп, адам денсаулығына зиян келіп отырғанын айтып шағымдануда.

Алайда, соңғы жылдары карьер саны көбеймесе, азайған емес. Соның нәтижесінде қоршаған ортаға келіп отырған зиян әлдеқайда жоғары.

Прокурорлық әрекет ету актісі нәтижесінде, Маңғыстау облысы экология департаменті «МКДСМ» АҚ, «ТАС» ЖШС, «Теміртас-1 ЖШС, «Аян-Ақтау ЖШС, «ДИС» ЖШС және «Бай-Бег» ЖШС-ге Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамаларының сақталуы жөнінде жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Инспекторлық тексерулер көрсеткендей, экологиялық заңнамалардың өрескел бұзылуына 6 карьер тарапынан жол берілгендігі анықталды.

Мәселен, «МКДСМ» АҚ тас құрылысын өңдеу жұмыстарын жүргізу кезінде мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы және экологиялық рұқсатнама болмай шықты. Жобалық шешімдер де орындалмаған, яғни шаң басу шаралары жүргізілмеген. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 332 және 328 баптары сақталмаған. Орын алған заң бұзушылықтарға жол берген кәсіпорынға жалпы сомасы 429 250 теңге көлемінде айыппұл салынды, сонымен қатар шығын мөлшері есептелген, бүгінде ол 1 079 106 теңгені құрап отыр.

«ТАС» ЖШС-не 151 500 теңге айыппұл төлеу міндеттелді, ал келтірілген шығын көлемі 642 954 теңгені құраған. «Теміртас-1» ЖШС бюджетті 252 500 теңгемен толықтырады, келтілірген шығын 582959 теңгені құраған. «Аян-Ақтау» ЖШС 151 500 теңге айыппұл төлейді, келтірілген шығын мөлшері 115 083 теңгені көрсетті. «ДИС» ЖШС бюджет қазынасын 126 250 теңгемен толықтырады. «Бай-Бег» ЖШС 126 250 теңге айыппұл төлейтін болды, бұл кәсіпорын 2 335 038 теңге көлемінде шығын келтірген.

Сонымен қатар, «МКДСМ» АҚ экологиялық құжаттамаларын қайтару жөнінде сотқа талап-арыз берілді. Қалған 5 кәсіпорынға қатысты экологиялық құжаттарды кері қайтару, уатқыш қондырғыларды және тас өндіруді тоқтату жөнінде талап-арыз енгізілді.

Сонымен қатар, алдағы уақытта басқа да карьерлерге талдау жасалып, прокурорлық әрекет ету актісі нәтижесінде ҚР экологиялық заңнамаларының орындалуы жөнінде 12 карьерге тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда «Бузачи нефть», «Строй Деталь», «АтырауИнжТехноЦентр», «Шетпе Тас», «Royal Stone Group», «Түпқараған», «Азия Тас-1000», «Сапсан», «Ержүрек Холдинг», «Казына-Маңғыстау», «Самғау карьер» және «Алтын Арка-XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Качаковтың Шетпе ауылын шаң-тозаңнан тазарту жөніндегі бекіткен жоспарына сәйкес, уатқыш және басқа да инфрақұрылымдық қондырғыларды Шетпе ауылынан 10 шақырым жерге үстіміздегі жылдың 25 қарашасына дейін көшіру жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге шаң көтеретін материалдар тасымалданып келген 2 автожол жабылады.

Бұл, өз кезегінде, қоршаған ортаның ластану тәуекелін төмендетеді және осылайша экологиялық ахуалдың жақсаруына септігін тигізеді.

Соңғы жаңалықтар