Шәмшінің шәпкісінің сыры мен «Тамды аруы» әні туралы - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Медициналық көмекші роботтың тұсауы кесілді - «Фарс» ақпарат агенттігі


«K1 Life Bot» атты медициналық ерекше робот ирандық мамандардың талпынысымен жасалып, таныстырылды, деп хабарлайды parstoday агенттігі.

Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегінше, ирандық «K1 Life Bot» медициналық роботы коронавирус таралған шақта медперсоналдың қажеттілігін ескере отырып жасалған. Ирандық мамандар бір айдан аз уақыттың ішінде жобалап, жасап, сәрсенбі күні Тегеранда таныстырған.

Бұл робот Stereo vision технологиясын пайдалану арқылы жасалыпты. Онда кедергіні анықтайтын сенсор, дененің температурасы мен қанның құрамындағы оттегі деңгейін өлшейтін құралдар бар. Сондай-ақ басқа сенсорларды қосу қабілетіне ие.

«Дәрігер мен науқас арасында аудио және видео байланыс орнату, палаталарға тамақ пен дәрі-дәрмек жеткізу осы роботтың келесі қабілеттерінің қатарына жатады. Сондай-ақ, робот басқа бірнеше роботты бақылайтын көпмақсатты функцияға ие. Роботтың қозғалмалы подностарында сырғуға қарсы тілімдер орнатылған», деп жазады ирандық БАҚ.

Шәмшінің шәпкісі туралы - «Тамды шаруагері» газеті


Шапка - деген орыс сөзі құлақшын біздің елде, кепкі деген бас киім атауының орнына жүреді. Шәмші Қалдаяқов көптеген суреттерде шәпкімен суретке түскен болса, Алматы қаласында орнатылған ескерткіште де сол шәпкімен орындықта отырғаны бейнеленген, деп жазады Өзбекстанда шығатын «Тамды шаруагері» газеті.

«Сол көз тартар әдемі шәпкі туралы білетінімді сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Шәмші аға Тамды жеріне Қани Амандықов ақсақалдың шақыруымен барғанын, қонақжай елдің тірлігі мен бірлігін көріп, алған әсерінің арқасында атақты «Тамды аруы» әні туғанын білеміз, аты аңызға айналған атақты сазгердің басынан тастамай киіп жүретін әдемі шәпкісі туралы көп кісі біле бермесе керек. Тамды еліне қонақта жүргенін естіген көршілес Кенимех ауданының бас көтерер азаматтары Шәмші ағаны өздерінде қонақ етуді ойлайды. Бұл істі аудандық Тұтынушылар қоғамы (РайПО) бас есепшісі Зейнетбек Елубеков ақсақал қолға алады. Сол уақытта РайПО-да істейтін, тепсе темір үзетін жас жігіттер (қазіргі ел ақсақалдары) Амангелді Ақылбаев, Дәулет Шәмбетов және Володя Қасымовтарды шақырып қолдарына бір бума он сомдық пен бір алтын сағат береді. Кенимех қаласында «антика» шәпкіге арнайы тапсырыс беруді және оған бөлек қаражат береді. Осы жерде «антика» қаракөл туралы екі ауыз сөз : Тамды өңірін елге танытатын бұл қаракөл түрі тек Тамдының «Алдаберген мен Құлымбет» елді мекенін жайлаған байларда ғана болған. «Антика» керемет, ғажайып деген сөз. Қаракөлдің осы сорты басқа түрлерінен базардағы құны 10-20 есе бағалы болады», деп жазады «Тамды шаруагері».

Міне, осы уәкілдер Кенимехтық «антика» шәпкілерді, сыйлықтарды алып Тамдыға барған. Шәкеңе жолыққан олар аманатты иесіне тапсырып, сазгерді Кенимехқа қонақ болуға шақырады. Бірақ, Шәкең, бізге белгісіз себептермен әзірше Кенимехқа бара алмайтынын, әлбетте қайтып келетініне уәде бергені айтылады, аталған басылымдағы мақалада.

«Әйгілі «Тамды аруын» асқақтатқан қазақтың бір туар тұлғасы Шәмші Қалдаяқов, Алматының төрінде Тауелібай өмірі-Кенимех елінің сыйлаған «антика» шәпкісін киген қалпында отыр. Ескерткіш қойылған бұл жай бүгін де өнер сүйер қауымның, Алматы қонақтары, әсіресе, қала жастарының сүйікті орнына айналған», деп түйіндейді өзбекстандық басылымдағы мақала авторы Манай Сатанов.

Бай-өлкенің жасампаз перзенті - Kaznews


«Жас инженер Мүпти Қабылұлы алғаш Баян-Өлгий аймағының құрылыс тресіне жұмысқа орналасқанда бұл ұжымда 1650 жұмысшы бар еді», деп басталады Kaznews порталындағы моңғолиялық үздік құрылысшы туралы мақала. Қоғам ауысып жатқан дүрбелең шақта Мүпти Қабылұлы жұмыс істейтін сол компаниядағы 1650 жұмысшының көбі жұмыс іздеп, сауда істеп жан-жаққа кетеді. Ақыры бір жылдың ішінде 50-дей ғана адам қалады. Өмірдің бұндай қатаң шындығы Мүптиді бала кезінен армандаған кәсібін жалғастыруға кедергі бола алмады. Жағдайды жақсылап саралаған ол «адам барда оған баспана қашан да керек. Қоғам орнына келер, сол қоғамды орнына келтіруге ат салысайын» деген шешімге келіп, 1996 жылы «Көшелік» компаниясын құрады.

«...Құрылыс экономисі мамандығын игеріп, еңбек жолын Ұлан-батыр қаласында бастаған Мүпти Қабылұлы туған жері Баян-Өлгей аймағының 4-құрылыс тресіне келіп жұмыс істей бастады. Сол кездегі күллі Моңғолиядағы қоғамдық, саяси өзгерістер құрылыс саласын да шарпыды. Қызметтестерінің қатары сиреп, азайып бара жатқанына өкінгенмен қолдан келер қайран жоқ. Ол ең әуелі құрылысшылардың әл-ауқатын көтеру үшін негізінен дене күшін қажет ететін алаң жұмыстарын жаңаша ұйымдастырып, басқару жүйесін жетілдіру жолдарын қарастырады. Сөйтіп ол жеке компания құруға бел шеше кірісті», деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Осылайша Мүпти Қабылұлының «Көшелік» компаниясы аз уақыт ішінде Баян-Өлгийдегі құрылыс саласын түбегейлі жаңғыртқан. «...Ешқандай кепіл қаражаты болмаса да жас инженер әріптестерін ұйымдастыра алатынына сеніп, 1999 жылы алғашқы тендерге қатысты... Ең алғашта орынбасары екеуі арасында бір мотоцикль, екі күрекпен жұмысын бастаған «Көшелік» компаниясы алғашқы тендер жұмысын дәл уақытында аяқтайды. Содан бері ешқандай грант, несие алмай-ақ өз қаржысымен жұмыс істеп, құрылыс саласындағы жұмыстарын табысты жалғастырып келеді», деп жазады Kaznews ақпараттық порталы. Баян-Өлгей аймағы орталығында алғашқы жартылай әйнекті конструкциялы 6 қабаттық ғимаратты салған Мүпти мырза басқаратын «Көшелік» компаниясы екен. Ол жұмыстары арқылы шағын көлемді жерді қалай тиімді пайдалануға болатынын ғылыми түрде көрсеткен. М. Қабылұлының жұмыс тәжірибесінде бұл сияқты нәтижелі мысалдар өте көп.

«Аймақтағы құрылыс-монтажы сияқты жұмыстардың 80 пайызын жалғыз еңсеретін бұл компанияның директоры Мүпти мырза өзі де жұмысына ғылыми негізді басшылық етіп, интеллектуалдық туындыларды да көп зерттеп, іске асырып келеді. Оның өзге де қоғамдық салаларда атқарған шаруалары туралы жаза беруге электронды журналдың бұл аз беті жетпес», деп түйіндейді Моңғолиялық БАҚ.

Өзбекстанның «жасыл аймағында» карантин кезінде той-жиын өткізуге рұқсат етілді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан аумағына коронавирустың жаңа түрі енуі мен оның тарауына байланысты республикалық арнайы комиссияның шешімімен карантин талаптары 15 маусымға дейін ұзартылды, деп хабарлайды uza.uz.

БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, карантиндік мерзімнің созылуына байланысты республикадағы «қызыл», «сары», «жасыл» сынды категориялы аймақтарға бөлінген аумақтық режим түрліше тәртіпке салынған. Онда ең қауіпсіз деп табылған «жасыл» деңгейлі аумақтарда той жиындары мен түрлі мерекелік шаралар өткізуге рұқсат етілген.

«Осы жағдайға орай той жиындары мен отбасылық шаралар 30 кісіден аспайтын (тек жақын туыстары мен сол ауданда тұратын басқа туысқандар) және санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң түрде сақтаумен өткізуге рұқсат берілген. Өз кезегінде түрлі рәсімдер мен шаралар өткізу тәртібін бұзған азаматтар індетке қарсы күрес ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны жөнінде ескерту қосымша ретінде көрсетіген», деп мәлімдейді «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Қарағай балының қайда өндірілетінін білесіз бе - TRT


Гүлден алынған балмен салыстырғанда тамаша иісі бар қарағай балының 90 пайызы Түркияда өндіріледі, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы. TRT-ның келтірген дерегіне сүйенсек, БҰҰ-ның Азық-түлік және егін шаруашылығы ұйымының (FAO) «Дүниежүзілік ара күніне» орай жариялаған мәлімдемесіне қарағанда бал жаһандық азық-түлік қорында маңызды орын иелейді. Сондықтан қарағай балы да осы тұрғыдан өзіндік орны бар азық түріне жатады. Шәйірлі қарағай балының гүл балымен салыстырғанда иісі күшті және өзгеше тәтті дәмі бар. Сол ерекше балдың бүкіл әлем бойынша 90 пайызы Түркияда өндіріледі.

«БҰҰ Азық-түлік және егін шаруащылығы ұйымы (FAO) мен Еуропа қайта құру және өркендеу банкі (EBRD) қарағай балының өндірісін кұшейту, әлемге таныстыру мақсатымен Түркияның қарағай балы кәсіпорнымен бірге жұмыс істеуде», деп жазады түркиялық БАҚ.

Эвересттің биіктігі қайта өлшенді - Тяньшаньнет


Әлемдегі ең биік шың Эверест тауының биіктігін дәл өлшеу үшін 7 мамырда жолға шыққан Қытайлық бақылау тобы шыңға көтерілді, деп хабарлайды Тяньшаньнет ақпараттық порталы.

Қытайлық ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, Табиғи байлықтар министрлігінің өлшеу мамандары мен кәсіптік альпинистерден ұйымдасқан топ Қытай-Непал шекарасындағы таудың Қытай жағынан бастаған шыңға шығу сапарын сәтті аяқтаған.

Бақылау тобы шыңда жаһандық қорғау жүйесі (GPS) сигналдары арқылы жерде меншікті салмақ өлшейтін гравиметр сияқты жабдық және басқа да заманауи аспаптарды пайдаланды. Солардың көмегімен алғаш рет Эверест шыңының басында ауырлықты өлшеп, биіктіктегі салмақтың нақты өлшемін алуға талпынды.

Альпинисттер шың басында 150 минут аялдады. Сол уақытта әлемге әйгілі таудың басындағы қардың қалыңдығы мен климаты сияқтыларды өлшеп, қытайлықтардың Эверест шыңының басында болу уақытының рекордын жаңалаған.

«Топ табиғи байлықтарды анықтауға бағытталған сынақ пен бірге барлау жұмыстарын да жүргізеді. Қытай 1975 және 2005 жылдары шыңның дәл биіктігін өлшеу үшін Эверестке бақылау тобын жолдаған болатын. Сол кезде Эверест шыңының биіктігі қатарымен 8 мың 848 метр 13 сантиметр және 8 мың 844 метр 43 сантиметр болып өлшенген», деп түйіндейді қытайлық ақпарат көзі.

Қазақстан Моңғолияға арнайы рейс ұйымдастыруды жоспарлауда - Kaznews

2020 жылғы 27 мамырда арнайы рейспен Қазақстанның азаматтарын Моңғолиядан алдырту мақсатында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ж.Әділбаев Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары – Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы У.Энхтувшинмен кездесті, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews басылымы.

Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, кездесудің басында Елші Моңғолия Үкіметінің елде коронавирус инфекциясының таралуын болдырмауға бағытталған алдын-алу шараларының тиімділігін, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Моңғолияның COVID-19 күресудегі күш-жігерін жоғары бағалайтынын атап өткен.

Сонымен қатар, дипломатиялық миссияның басшысы қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 108 азаматы Моңғолияда қалуға мәжбүр екенін хабарлады. Олардың барлығы карантиндік шаралар енгізгенге дейін және моңғол-ресей шекаралары жабылғанға дейін келген адамдар. Олардың көпшілігі қазіргі уақытта Баян-Өлгий аймағында тұрады екен.

Осыған байланысты Ж.Әділбаев қазақстандық тарап Моңғолия азаматтарында эвакуациялау үшін арнайы рейс ұйымдастыруға дайын екенін айтқан. Өз кезегінде, У.Энхтувшин Қазақстан Республикасы Үкіметінің COVID-19 пандемиясымен күресу мақсатында қолданып жатқан тиімді және кешенді іс-шараларын ерекше атап өткен.

«Сонымен қатар, моңғол тарапы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесі бойынша қазақстандық тараптың бастамасына қолдау көрсетуге әзір екендерін жеткізді. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы пікір алмасты», деп жазады Kaznews.



Соңғы жаңалықтар