Шамалғандағы көлік апатынан жапа шеккен бала ата-анасын таныды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхаммед Рузуддинов Шамалғандағы апаттан жапа шеккен пациенттердің жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше 22 қыркүйекте 5 жастағы бала жасанды тыныс алу аппаратынан шығарылды. Қазір бала есін жиды, тамақ ішеді, сөйлеседі, бәрін түсінеді. Нейрохирургиялық бөлімге ауыстырылды. Отаның қажеті жоқ. Қазір емдеу шараларын жалғастырып жатырмыз. Атап айтқанда, ми қан айналымын жақсартып жатырмыз. Ауруханадан шыққан соң балаға ұзақ оңалту шараларынан өту керек. Біз осы мақсатта қызды екінші балалар ауруханасына ауыстырамыз деп жоспарлап отырмыз. Бала өз ата-анасын танып отыр. Оған әлі де психологтардың көмегі қажет», - деді бас дәрігердің орынбасары.

Ал екінші баланың ахуалы өте ауыр. Ол әлі есін жиған жоқ әрі жасанды тыныс алу аппаратында жатыр.

«Миы диффузды аксоналды жарақат алған. Бұл өте ауыр жарақат түріне жатады. Өкінішке қарай, биіктен құлағанда, гироскутерлерден құлағанда осындай жарақат жиі кездеседі. Қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», - деді дәрігер.

Бес жасар қыздың маңдай-самай сүйектері сынған болатын. Оған Қаскелең ауруханасында бас сүйекті трепанациялау отасы жасалды.

Естеріңізге сала кетейік, 15 қыркүйек күні Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысты.

Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура бақылауына алды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пойыз бен автобус соқтығысынан зардап шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.



Соңғы жаңалықтар