Шамалғандағы апат: Екі қызға ұзақ оңалту шарасынан өту керек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бейсенбаева Шамалғанда апатқа ұшыраған екі қыздың денсаулығы жайлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

5 және 3 жастағы қыздар бүгін №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасында неврология бөлімшесінде жатыр. Үлкені Балалар шұғыл көмек көрсету орталығынан - 3 қазанда, кішісі 7 қазанда ауыстырылды.

«Қазір қыздардың үлкенінің жағдайы орташа, өздігінен тамақ іше алады, жүреді, жүгіреді, ойнайды, сұрақтарға жауап береді, эмоциялары нақты. Иық буынының оң жақ сынығы бар, гипс салынған. Кіші қызда – орталық-жүйке жүйесінің зақымдануы салдарынан жағдайы тұрақты ауыр, тетрапарез түріндегі қозғалыс бұзылыстары бар, зонд арқылы тамақтанады. 3 қазанда комадан шықты», - деді Әсел Бейсенбаева.

Дәрігердің айтуынша, балалар ұзақ оңалту шараларынан өтеді.

«Алдағы уақытта оңалту орталығында оңалтудың екінші кезеңі жоспарланып отыр. Балалар барлық медициналық көмекті толық көлемде алып жатыр. Тұрақты негізде бейінді мамандарды тарта отырып, консилиумдар өткізіп келеміз», - деді дәрігер.

Еске салайық, 15 қыркүйек күні Шамалған стансасындағы теміржол өткелінде пойыз бен автобус соқтығысты. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Олар – анасы мен 5 және 3 жастағы балалар. 22 қыркүйек күні сәбилердің бірі ес жиғанын жазған болатынбыз.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура бақылауына алды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға салдарынан зардап шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Соңғы жаңалықтар