Шамалғандағы апат: Балалар әлі де ауыр халде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысының Шамалған стансасында пойыз бен автобустың соқтығысуынан зардап шеккен балалар әлі де ауыр халде жатыр. Бұл туралы алматылық дәрігерлер мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

3 және 5 жастағы қыздар Алматыдағы «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» МКК-ға жеткізілген болатын.

«Қазір балалардың жағдайы өте ауыр. Олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Емдеу шаралары толық жүзеге асырылып жатыр», - деді орталық дәрігерлері.

Ал анасы Алматы қаласындағы №7 ауруханада жатыр. Бүгін ол жансақтау бөлімінен бөлімшеге ауыстырылды.

«Әйелдің бірнеше жерінен сүйегі сынған. Миы шайқалған. Жағдайы «орташа» деп бағаланып отыр. Оны қазір отаға дайындап жатырмыз», - деді медицина мамандары.

Оқиға 15 қыркүйек күні болды. Кешкі сағат 19:30-да Шамалған стансасында жолаушылар пойызы мен автобус соқтығысты.

Автобус теміржол өткелінің үстінде тұрған. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болды. Тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Олар – анасы мен екі қызы.

Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.


Соңғы жаңалықтар