«Шалқарды» шалқытқан еді Сәркен аға...

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алыстаған сайын асылға айналған тұлғаның бейнесін сомдап, мағыналы да мәнді өмірінен бір үзік сыр толғау мақсатында Қазақ радиосының ардагері, үлкенге ізетті іні, кішіге қайырымды да, ақылшы аға бола білген қарымды қаламгер, аудармашы, Сәркен Шұғайыпұлы Оспанов жайлы әңгімемді өрбіткелі отырмын.

Мұхаммед пайғамбардың хадисінде «Үмбетімнің арасында екі түрлі топ бар. Егер бұлар жақсы болса көпшілік те жақсы болады. Бұлар жаман болса жұртшылық азады. Олар - басшылар мен мұғалімдер» деген екен. Осындай жақсы басшылардың бірі көп жыл бойы Қазақ радиосында аға редактор, Бас редактор қызметін атқарып жүргенде қарамағындағы қызметкерлермен шәй деспеген. Ол кісі өзінің байсалды мінезімен, ақыл-парасатымен жас журналистерге тәлім-тәрбие беріп, қыран құстай баули берген ұлағаттылығымен есте қалған жан еді.

Тектіліктің өзі ата-бабалардың қанымен келетінін ескерсек, көрікті Көкше жеріндегі Айыртау ауданына қарасты Дәуқара ауылында дүниеге келген Сәркен Шұғайыпұлы сол өңірге аты мәлім діндар адам Шоңқара қажының ұрпағы екен. Үш жасынан әкеден, алты жасынан шешеден айырылған жас бала ағайындарын жағалап Қызылжар жеріндегі мектепте, кейін Көкшетаудағы мұғалімдер дайындайтын училищеде оқып, айрықша дипломмен бітіреді. Осы орайда Сәркен Оспановтың зайыбы Динара Нұрмұхамбетқызының ойын ортаға салсақ:

- Мен Сәкеңмен училищеде бірге оқыдым. Елуінші жылы түсіп, елу төртінші жылы бітірдік. Екеуміз бір-бірімізді ұнаттық. Сондай әдепті болды. Бертін келе оған «сен жетім болдым дейсің, сені осындай сыпайы етіп кім тәрбиеледі?» деп сұрайтынмын. Күліп қоятын. Өзім «тек қой, бабалардың қаны ғой, шіркін!» деп ойымды түйгем.

Оқу бітірген соң ата-анамнан рұқсат сұрап қосылдық. Сәркен Алматыға Қазақтың Сергей Миронович Киров атындағы университетіне оқуға түсті. Ол төртінші курста оқып жүргенде мен ЖенПи-ге кітапхана бөліміне оқуға түстім. Көкшетауда Мәлік Ғабдуллин атындағы қазақ мектебін алғаш ашқан менің әкем еді. Әкем кісі танитын адам болатын. Менің әке-шешем Сәркенді сондай жақсы көрді. Кейде көңілденіп отырғанда «атажаным» деп қоятын, -деп еді апай.

Өзінің табиғи асыл қасиетімен, ағайын-туғанға, дос-жаранға, жүрген ортасына сыйлы бола білген Сәркен Шұғайыпұлы отбасының ұйытқысы еді.

Сәркен филология факультетін үздік бітіріп шықты. Сол жылы Мәдениет министрлігінің ұйғаруымен «Қазақфильм» киностудиясының сценарий бөліміне редактор болып орналасады. Жігер-қайраты мол жас маманға қоғам қайраткері Ілияс Омаров, жазушы Ілияс Есенберлин мен Қапан Сатыбалдинның тәлім-тәрбиесі ерекше еді. Ол кісілер келешегінен үміт күтер жас жігітке ақыл-кеңес беріп, өз қамқорлықтарына алды. Өмір атты ұзақ жолда адаспайтын сара жолды сілтеді. Дұрыс бағыт берді. Жас кезінен әр іске аса жауапткершілікпен қарайтын Сәркен Шұғайыпұлы жаңа жұмысты бірден игеріп, өнер саласына да өз үлесін қоса білді.

Ол кісі көзі тірісінде «Қазақстан әйелдері» журналында белгілі журналист Әтина Жәкетованың, «Теміржолшы» газетінде қызмет етіп жүргенде бас редактор Ибрайым Тінікиннің қамқорлығын көргенін әңгіме етіп айтып отыратын.

«Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, сыпайы да кішіпейіл мінезімен жұртқа жаққан інілеріне өз ізетттерін білдіріп, журналистиканың қыр-сырын түсіндірген аға-апаларына алғысы шексіз еді.

1965 жылдан Қазақ радиосында журналистік еңбегін жалғастырған Сәркен аға өмірінің отыз жыл уақытын осы бір көзге көрінбейтін, еңбегі әуеде қалықтап барып тыңдаушысына жететін «қағазсыз газет» деп аталатын толқында жемісті еңбек етті. Өткір тілді шыншыл публицист жүрген ортасында адал еңбегімен сыйлы білген және үлкен-кішіге бауыр бола білген жүрегі жұмсақ, адамгершілігі мол, жаны сұлу жан еді.

Алғаш Қазақ радиосының есігін аттағанда Сәркен Шұғайыпұлы «Өндіріс» редакциясына тілші болып қабылданады. Ол кезде журналист Кенжебек Есімов аға редактор, Уәлихан Ахметбеков редакторлық қызметте екен. Біршама тәжірибе жинақтаған соң қаламы төселген Сәкең Қазақ радиосындағы «Соңғы хабарлар» редакциясына аға редактор болып ауысады. Ос кез және «Шалқар» радиосының ашылуы жайлы «Алтын қорымызда сақталған Сәркен Оспановтың ойын жалғастырсақ:

«Домна пеші қандай болса, радиодағы ең бір қиын жұмыс «Соңғы хабарлар» Бас редакциясы болатын. Қазақша жаңалықтар аз болады. Отыз пайыздан аспайтын. Осы олқылықты толтыру үшін не істеу керек?

Біздің алдымызда Мәскеудің «Маяк» деген бағдарламасы болды. Украинаның «Проймин» деген бағдарламасы болды. Оларда соңғы хабарларды береді. Ал біздің алыстағы ауылдарымызға, шопандарымызға хабарлар жетпейді. Сым жетпейді, желісі жоқ. Сондықтан «Маякқа» бағыт түзей отырып, бір бағдарлама ашуды басшылар алға мәселе етіп қойды. Ол, әрине, «Соңғы хабарлар» Бас редакциясын ашу еді. Мұнда ұйымдастыру жұмысын жүргізіп, 1966 жылдың 1 қаңтарында «Шалқар» бағдарламасы өмірге келді. Өзіміздің қазақ ұлтының атына лайық ат іздедік. Ол кезде Шалқаров деген жігіт Қытайдан келген жігіт еді, бізде қызмет ететін. Ол кісі «осы менің әкемнің атын қойсаңдар жетіп жатыр, әрі өлең, әрі жыр, әлі әңгіме деп мәселе көтерді. Дұрыс екен деп «Шалқар» деп қойдық. Сол «Шалқарымыз» күні бүгінге дейін халыққа еңбек етіп келеді. Бұл «Шалқардың» жақсы жұмыс істеп кетуіне сол кездегі журналистер Нүрсейіт Ерубаев, Мәлік Қарағұлов, Кекілбай Нүсіпбеков, Абай Өтегенов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Уәлихан Шыңғысұлы, деген әріптестеріміз «Шалқардың» дұрыс жолға қойылуына жақсы қызмет етті. Маған көмекші болды. Мен «Шалқардың» тұңғыш Бас редакторы болдым, соған қуаныштымын»- деген еді Сәркен ағамыз.

«Шалқар»музыкалық-ақпараттық бағдарламасы ол кезде дүниежүзіне тарайтын. Әсіресе шетелдегі қандастарымыздың елге оралуына ұйтқы бола білген, оларға ой салған сол кездегі басшы Сәркен Шұғайыпұлы және сол кісінің қарамағындағы журналистер еді. Міне, көп тілегі орындалып, әр саладағы өнер, ғылым, әдебиет саласының мамандары, небір қолөнер шеберлері атақонысқа оралып, халқымыздың санын көбейтті. Экономикамыздың өркендеуіне атсалысты. «Шалқар» бағдарламасы үш жылға жуық жабылып қалғанда да қатты кейіген Сәркен ағамыз болатын. Шүкір, кешегі ағаларымыздың маңдай терімен ашылған бұл бағдарлама сол үрдісте ұлттық құндылығымызды дәріптей отырып, өз жұмысын әрі қарай жалғастыруда.Бүгінде жеке радиоға айналды.

Қарымды журналист Сәркен Оспановты еске алғанымызда КСРО Телевидениесі мен радиосының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, белгілі радиоардагер Руслана Құдайбергенова тебірене отырып сөз бастады:

Менің кәсіби радиожурналист болып қалыптасуыма, өмірлік мол тәжірибе жинақтауыма, сөз құдіретін түсінуіме тәлімгер ұстаз ағаларымның еңбегі зор. Оның ішінде Сәркен Шұғайыпұлының еңбегі ерекше. Университеттің соңғы курсында оқып жүріп, мен Қазақ радиосына жұмысқа келдім. Алғаш «Соңғы хабарлар» редакциясының аға редакторы Сәркен ағаң деп таныстырды. Ол кісі телетайпқа түскен жаңалықтарды аударуға тапсырма берді. Сәкеңе аударғаным бірден ұнады. «Кәсіби аудармашысың ғой, қайдан үйрендің?» деп сұрап еді, мен «студент кезімнен аудармамен айналысамын» дедім. «Ой, жарайсың» деп риза болып қалды. Ол кісі бізге үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Сәркен аға даладан алып келген хабарларға «не, қайда, қашан деген сұраққа жауап беретіндей болсын»- дейтін.

Сәркен ағаның басқалардан ерекшелігі- ол өте қарапайым, кішіпейіл, бауырмал болатын. Маған қамқорлығы айрықша еді. Ер кісілермен бірдей қызмет етіп, ағаларымның қамқорлығын көрдім. Сәркен ағаның өнегесін көрген мені әріптестерім «Сәркеннің қарындасы» деп атап кетті. Бірде Сәркен аға маған «Руслана, сен «Соңғы хабардың» тұтқасын ұстайтын боласың» деген. Айтқаны айдай келіп, жиырма жеті жыл «Соңғы хабарлар» редакциясында Бас редактор болып қызмет еттім.

Сәркен аға шындық үшін шырылдап жүретін. «қарғам, опасыз адамдардан сақ бол» дейтін, әрдайым қолдап, қорғап жүретін. Редакцияның, радионың жастарына да «қарғам», «айналайын» дейтін. Сәркен аға соңғы хабарды қалай дайындау сырын үйретті, әрдайым қадағалап, қамқор болып жүретін. «Соңғы хабарлар» редакциясы - бұл Қазақ радиосындағы соңғы нүкте дейтін.

Аға сексен жасқа жетпей, ағалық сөзін, аталық ақылын берер шағында өмірден озды.

Әділдік пен шындықтың жолындағы күрестің ақ желкенін әркез биік көтеріп, жүрген ортасына шуақ шаша білген, қандай үлкен істер атқарса да әсіре мақтаудан бойын аулақ ұстап, қарапайымдылықтан бір танбайтын Сәркен аға өзіне еліктеген шәкірттерінің жүрегінде жақсы ісімен есімі жатталып қалған тамаша тәлімгер еді. Осындай көңіл толқытар еске алу сәтінде Қазақ радиосының ардагері Үмбет Әбназарұлының да айтары бар:

- Сәркен ағамыздың тұлғасы заңғар таумен теңдесіп тұрған сияқты. Адамгершілікке толы жылы бейнесі, сыршыл әңгімесі, үлкенге де, кішіге де жайлы мінезі, әсіресе кейінгі толқын інілеріне ұстаздық ұлағаты бәрі-бәрі көз алдымызда. Менің есімнен кетпейтіні радиоға жаңа келген жастарға ненің не екенін, өзінің шынайы мінезімен, жұмсақтығымен барлығын жәйімен түсіндіріп, соны кірпішше қалап, тоғайтып отыратын. Сәкеңнің редакциясына келген адамдар ол кісінің білімімен сусындап, адамгершілік қасиетінен үлгі алатын. Сол арқылы кемелденіп кететін кездері болушы еді. Ол кісінің шығармашылық зертханасының өзі айтуға тұрарлық дүние. Әр сөздің сөз тіркестерін бұзбай, сауатты сөйлеуге, әрі қысқа, әрі нұсқа сөйлеуге біздерді тәрбиеледі.

Редакцияда ынтымақтың болуы, басқара білудің шеберлігіне байланысты екен. Әр журналистің қабілет-қарымына қарай тапсырма беретін. Сәкең «Шалқар» бағдарламасын дербес ашты. Соны жүйелі түрде дамытуға күш салды. Соның арқасында шетелдік қандастарымыз Қазақстанның тарихы, әдебиеті мен мәдениеті жайлы ақпарат ала бастады,- деп еді.

Ал Сәркен Оспановтың радио қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайының жақсаруына жасаған қамқорлығы да ерекше. Осы жайлы Үмбет Әбназар ағамыз ойын былайша жалғастырады:

- Мысалы, 70-жылдары баспана мәселесі өте қиын болатын. «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегендей, бәріміз пәтер жалдап тұрдық.

Сәркен Шұғайыпұлы жоғарыға хат жазып, кәсіподақ арқылы біраз адамдарға үй алуына көмектесті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген осы да...-деп сөзін аяқтады.

Сәркен Оспанов жас журналистерді тәрбиелегенде өсиет етіп айттатын сөзі бар еді, «радио миллиондар трибунасы, тікелей әуе толқынына шыққанда сөзге тоқтау салып, қысқа, түсінікті етіп, мәдениетті айта білу керек» деп әркез айтып отыратын.

Сәркен ағаның қарапайымдылығы мен қайырымдылығы жайлы Қазақ радиосының ардагері Түгел Мәден ағынан жарыла сөйледі:

- Сәркен аға жүрегі жылылыққа, қайырымдылыққа толы алтын кісі еді. 1975 жылдың қаңтар айы болатын. Радио директоры Қуаныш Орманов кездесіп қалып «облыстық радиоға барасың ба?» -деді. «Барайын»-дедім. Үлкен шаңыраққа келіп Сәркен ағаға сәлем бердім.

- Қайдан жүрсің?-деді

- Облыстық радиоға орналастым

- Бізге келсең қайтеді?-деді аға. Ол кісі менің бұрын жазып жүретінімді білетін. Сол жолы мен ол кісінің кісіге жақсылық жасайын деген мейірімділігін көрдім.

Ол кезде лездеме болады. Аға «бүгін саған ескертпе болады» деп, алдын ала көңіліне алмауымды өтінетін. Ол кісі жігіттер қалжыңдасып отырғанда Қадырдың бір өлеңін ылғи айтып отыратын:

«Туған жердің тылсым сырын ұғып көр,

Тұма бұлақ дариядан үміткер.

Қарап тұрып мына байтақ далаға,

Қалай төмен боламыз-ей, жігіттер?»- деп Қадырдың айтқанын естеріңнен шығармаңдар,-деп күліп қоятын. Бұл парасатты адамның айтатын ақалы.

Зейнетке шыққан соң наурыз мерекелерінде келіп жүретін. Біз туған ағамызды көргендей қатты қуанушы едік,-деген Түгел ағамыз.

Шындығында да ардагерлер естелігінде өмір бар. Түгел Мәденұлының айтқанындай, Сәркен Шұғайыпұлы «әуе толқынына шығар кезде асықпай, жазғандарыңды қарап алыңдар, әйтпесе орынсыз, құнарсыз сөздер кетіп қалуы мүмкін.Қазақ радиосын тыңдаушыны тәрбилелйтін құрал деуге болады» деп әркез жастарға айтып отырушы еді. «Шалқарды» шалқытып, дүниежүзінің қазақтарының басын қосқан Сәркен Оспанов «Атамекен» радиостудиясына басшылық еткен кезінде шетелдегі қандастарымыздан үздіксіз хат алып тұратын. Олар туған жердің топырағын басып, көшіп келуді армандайтындықтарын жазатын.

Міне, осындай игілікті істің басы-қасында Өзінің байсалды мінезінен бір жазбайтын үлкен адамгершілік иесі Сәркен Шұғайыпұлы миллиондаған тыңдаушымызға ұлттық құндылығымызды насихаттаудан бір жалықпайтын.

Сәркен аға Динара апай екеуі тату-тәтті өмір сүрді. Ұлдар Байғали мен Жанғали, қыздары Анар шаңырақты шаттыққа толтырып, атанасының қуанышы бола білді. Байғали экономист, Жанғали журналист, ал қызы Анар болса музыка маманы. Анардың баласы Данияр да музыкант. Байғалидың ұлы Дәурен әке жолын қуғанмен атасына еліктеп, аздап өлең жазатыны бар.

1967 жылы кенже ұлы Жанғали дүниеге келгенде ата-анасының қуанышында шек болмап еді. Аяулы әке осы баласын жазу-сызуға тәрбиеледі. Жанғали әке жолын қуып, Қазақ радиосында 13 жыл журналист болып еңбек етті. Енді немерелерінен үміт күтіп жүргенде отыз бес жастағы Жанғалиынан айырылып, Сәркен аға дүниеден баз кешіп кетті. Күңіреніп жүріп, қайғысын қағазға түсірді.

2004 жылы Динара апай журналист жырларын тасқа бастырып, «Шыным да, сырым да осы» деген Сәркен Шұғайыпұлының жинағын шығарды.

Жақсы адамның артында мағыналы сөз айтар замандасы тұрғанда Сәркен Шұғайыпұлының өнегелі ісі ел есінде. Шәкірттер жүрегінде мәңгі сақтала бермек.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева

Соңғы жаңалықтар