Шалғайдағы қазақтар Наурызды қалай тойлайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күні әз Наурызды тоталитарлық режімнің құрсауынан шыққан соң ғана жаңғырта бастағанымыз рас. Ал кеңестік заманның салқыны тимеген, салт дәстүрі сақталған шалғайдағы қазақтар төл мерекені ғасырлар, мыңжылдықтар бойы үзбей тойлап келеді. ҚазАқпарат тілшісіне Наурыздағы ұмытылып бара жатқан дәстүрлер туралы Қытайдан келген қазақ, белгілі ақын, термеші Жанболат Құрманұлы айтып берді.

Жанболат Құрманұлы бірнеше жыл бұрын тарихи отанына оралған. Қазір туристік салада кәсіпкерлікпен айналысады.

«Наурыз - қазақтың қыстан аман шығып, халықтың аузы аққа жеткен жаңа жылды тойлау мерекесі. Бала кезімізден Наурыз көжені ішіп өстік. Ауыл болып тойлайтынбыз. Бүгін осы ауыл наурыз көже жасаса, келесіде ана ауыл жасайды. Жақсы тайларға мініп, жаңа киімдерімізді киіп, аттардың ат әбзелдерін әдемілеп атқа мініп, қыдыратынбыз. Наурыз жырын айтатынбыз. Ал Наурыз көже жасаған үй иесі «мынау атаңның сыбағасы, әкеңнің сыбағасын іш» деп ішкізеді. Ана үй, мына үйден қыдырып жүріп көже ішу үлкен мереке болатын», - деді Жанболат.

Оның айтуынша, қытай қазақтары көжені бірнеше түрлі атайды.

«Ақпанның ортасына бастап жасалатын көже «Тілеу көже» деп аталады. Бұл жақсы тілек тілеп, жаңа жылда ел аман жұрт тыныш болсын деген тілеуден туады. Мұны тілеу көжеге шақырдық деп айтады. Наурыз көжеге шақырдық демейтін. Одан бөлек көк көже деген бар. Бұл наурыздан да бұрын болу керек. Бұрын қазақ көк тәңірге арнап көк көже жасайтын болған. Бұл өте ертеден келе жатқанын білдіреді. Бұрын ата-бабаларымыз тәңірге сиынып жүргенде көк көже деп атайды екен. Көк көженің тағы бір мағынасы бар. Жерге қылтиып көк шықты, жер көктеді дегенді де білдірсе керек», - деді Жанболат Құрманұлы.

Оның сөзінше, ең жақсы көже Наурызда пісірілетін Наурыз көже. Себебі оны дайындауға қысқы соғымнан арнайы кәрі жілік пен құрт сақталады.

«Ең жақсы көже құрттың қыстан арнаулы көк көжеге арнап сүзбе сақтайды. Соғымның етінің ішіндегі қары жілікті алып қояды да, көже жасағанда бірінші кәрі жілікті асады. Астауға құрт салдырып, су құйып баяғыда құрт езетінбіз. Артынан ең езіле келе домалақ малталары қалатын. Оған таласатынбыз. Езілген құртпенен жасалған наурыз көже өте керемет болады. Сосын Наурыз көженің дәмін кіргізетін ең басты элемент ол бидай. Бірінші бидайды түйіп, тазалап, ұшырып, қайнатып бөктіреді. Наурыздың 21-22 қараған түні бүкіл туыс туғандар бір жерге жиналады. Олар үлкен дастархан жайып, Қыдыр ата келеді деп күтеді. Көжелерін жасап, сол күні ол отбасылық мереке болады. Бұл дәстүр де ұмытылып кетті қазір. Сонымен қатар, Наурыз көжені тақ күндері жасайды. Бұған да ертеректе қатты мән беретін», - деді ол.

Жанболат Құрманұлы қазір отбасымен Алматы облысында тұрады. Шығармашылық жұмыспен, туристік қызметпен айналысады. Одан бөлек туған ұлтының тарихы мен этнографиясын зерттеп келеді.

«Мен қазақ ұлтының баласы ретінде туған тарихымды зерттеуге тырысамын. Көп оқимын, ізденемін. Бар білгенімді кейінгі ұрпаққа қалдыруға тырысамын. Жыл өткен сайын, ғасыр өткен сайын көне дәстүрлер санадан өшіп барады. Ал оларды көненің көзінде сақтау өте маңызды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар