Шалғайдағы кәсіпкерлер үшін қызмет көрсету аймақтары құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Интернет желісіне қол жеткізу мүмкіндіктері шамалы кәсіпкерлер үшін алдағы жылдары «өз-өзіне қызмет көрсету аймақтары» құрылады. Ол аймақтар арқылы кәсіпкерлер консультанттардың көмегімен мемлекеттің электронды қызметтерін және мемлекеттік қолдау шараларын ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысына шағын және орта бизнесті цифрландыру туралы баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов біршама ұсынысты алға тартты. Оның айтуынша, Бірыңғай кәсіпкерлікті қолдау және кәсіпкерлікті дамыту «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қалалар мен аудан орталықтарында құрылған барлық сервистік орталықтардың жұмысын цифрландыру керек.

«Қалалардағы 25 Кәсіпкерлерлікті қолдау орталығында және аудан орталықтары мен моноқалалардағы 189 кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында интернет желісіне қол жеткізу мүмкіндіктері шамалы кәсіпкерлер үшін «өз-өзіне қызмет көрсету аймақтары» құрылады.  Ол аймақтар арқылы кәсіпкерлер консультанттардың көмегімен мемлекеттің электронды қызметтерін және мемлекеттік қолдау шараларын ала алады», - дейді Тимур Сүлейменов.

Министрдің сөзіне сенсек, ауылды жерлерде іс-шараларды жүзеге асыратын кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру үшін биылдан бастап цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша оқыту бағдарламасы басталған. Ол бойынша жыл сайын 15 мыңнан астам кәсіпкер білім алады.

«Осы жылдың екінші жартысынан бастап Ұлттық кәсіпкерлік палатасы пилоттық режімде Астана және Алматы қалаларында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын электрондық форматқа толығымен ауыстыруды жоспарлап отыр. Автоматтандыру бизнесті қаржылай емес қолдау көрсетудің бюджетін қысқартуға, қамту аймағын кеңейтуге, құжат айналымын қысқартуға және кеңесшілердің санын оңтайландыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар