Шала туған сәбилерге 1,3 мыңға жуық жылы киім тоқыдық - волонтер

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – «28 ілмек клубы» халықаралық қоғамдық қорының Петропавлдағы филиалы соңғы үш жылдың ішінде 1 300-ге жуық тоқылған жылы киімді перинаталдық орталыққа тапсырған. Киім-кешекті волонтерлер күні шала туған сәбилерге арнаған. 17 қараша – Дүниежүзілік шала туған балалардың күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі клубтың үйлестірушісі Әсемгүл Кәкпеновамен сұхбаттасқан еді.

- Клубтың «28 ілмек» атауы ерекше, ол қайдан шыққан?

- «28 ілмек клубы» 2012 жылы Қазақстанда құрылды. Негізін қалаушы фотожурналист – Қарлығаш Нұржанова, көпшілік оны «Карла Нур» атымен біледі. Бірде ол инкубаторда жатқан нәрестенің аяғында медбибілер тоқыған көк шұлықты көреді. Оның не үшін қажет екенін білгеннен кейін шала туған нәрестелерге жылы киім-кешек тоқитын клуб құру ойы келеді. Әлеуметтік жобаның атауы нәрестенің аяқ өлшемімен байланысты, 28 ілмекпен нәрестенің шұлығы тоқылады. Қазір бұл клубтың филиалдары Қазақстанның оннан астам қаласында, ТМД елдерінің 12-сінде жұмыс істейді.

- Сіз бұл клубқа қалай келдіңіз?

- Петропавлда клубтың филиалы 2018 жылы ашылды. Оның үйлестірушісі 4 баланың анасы, үлгермейтін болғандықтан, менің айналысуымды өтінді. Ал маған қайырымдылық іспен айналысу ұнайды. Өзім де тоқығанды ұнатамын. Сондықтан бірден ұсынысты қабыл алдым. Негізгі жұмысыма кедергі келтірмейді. Веб-студияда жоба-менеджері болып еңбек етемін. Сондай-ақ әзірге өз тұрмысқа шыққан жоқпын, сондықтан маған басқаларға қарағанда қоғамдық жұмыспен айналысу жеңілірек. Бұл да бір жақсы тәжірибе, бәріне үлгеру үшін уақытымды жоспарлап үйрендім. Өйткені, жақындарыма да маған сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік бергендері үшін, үнемі қолдау көрсетіп отырғандары үшін алғысым шексіз.

- Клубқа кімдер мүше? Күні жетпей туған нәрестелерге ғана көмек көрсетесіздер ме?

- Клубқа мүше қыздарымызды, волонтерлерді біз «перизаттар» деп атаймыз. Олар декрет демалысында отырған қыз-келіншектер немесе жұмыс істейтін аналар. Орташа жасы – 30-40-тарда. Көп балалы аналар да, өздері де шала боп туған қыздар да бар. Біреулер тек сыммен ғана тоқиды, енді бірі күршекпен жұмыс істегенді ұнатады. Оларға белгілі бір қойылатын талап жоқ. Біздің қатарымызға қосылып, тоқуды үйренгендер де бар. Шала туған балаларға арналған киім-кешектерді тоқу бойынша шеберлік сабағын ұйымдастырамыз. Перинаталдық орталыққа әдетте жиынтық етіп апарамыз, оған көкірекше, бас киім, шұлық-қолғап, комфортер-ойыншық және жамылғы кіреді. Бұл киім-кешек дене салмағы 500 грамнан жоғары сәбилерге қолданылады.

Әдетте күні жетпей туған сәбилерге қосымша жылу қажет. Өйткені шақалақта тері астындағы май жүктіліктің тек 8-9 айында ғана пайда болады. Жылу жетпеген жағдайда олар энергияны жетілуге емес, денесін жылытуға жұмсайды. Сондықтан шала туған сәбилердің денесін жылы ұстау қажет. Бұдан басқа міндетті түрде таза жүннен тоқылған киімді қолданған жөн. Мұндай балалар жылуды басында көп жоғалтады, сондықтан бас киім кигізу қажет. Ал қан аяқ-қолға жеткенге дейін тез суыиды, сондықтан қолғап-шұлық қолданылады. Жүннен тоқылған киім массажер ретінде де қолданылады. Денені тітіркендіреді, қан айналымын жақсартады. Сәбилерде тыныс алу жүйесі дұрыс жетілмеген, сондықтан қатты ұйқыға кетіп, дем алмауы мүмкін. Ал тоқыма бұйымдар денені жыбырлатып, ол үнемі қозғалуға мәжбүр болады.

Ал ойыншықты таза мақта жіптен тоқимыз. Алғашқы сегізаяқ ойыншықты даниялық ана өз баласына тоқыған екен. Сегізаяқтың қармауышын ұстаған шақалақ оны кіндікке ұқсатып, өзін қауіпсіз сезінеді, инкубаторда жатып, медициналық қондырғының түтіктерін тартқыламайды.

- Жіпті қайдан аласыздар?

- Жіпті, әдетте, өзіміз сатып аламыз. Кейде демеушілер табылып, сыйлайды. Кейде бізге жарамайтын, қоспасы бар жіптерді сыйлайды. Онда тоқыған бұйымдарымызды Аналар үйіне апарып береміз. Ондағы қыздар да көмекке мұқтаж. Облыста күні жетпей туатын сәбилер саны онша көп емес. Былтыр облыста осындай 300-ден астам шақалақ дүниеге келді. Жаңа киім-кешек керек болғанда перинаталдық орталықтан хабарласады. Біз бұйымдарымызды апарып тапсырамыз. Сондықтан аса қиындық жоқ. Құрылған үш жылдың ішінде 1 300-ге жуық киім-кешекті тоқып тапсырған екенбіз.

- Мұндай қоғамдық жұмыс көп уақытты қажет етеді. Не үшін істейсіздер?

- Бұл сауалды жиі естимін. Мұндай жұмысқа қанша ақша төленетінін де сұрайтындар бар. Біз тегін жұмыс істейміз. Бұл клубқа жиналғандардың ниетіміз бір. Біріншіден, басқаларға көмек көрсету арқылы жаның рахаттанады. Екіншіден, әр кездесуіміз біз үшін мереке. Көбіне кездесуіміз дәмханада өтеді, өйткені арнайы жиналатын орнымыз жоқ. Жазда таза ауада, саябақта кездесеміз. Тоқудан басқа бір-бірімізді туған күндерімізбен құттықтаймыз. Ортақ чатта түрлі тақырыпты қозғап, пікір алмасамыз. Мәселен келесі аптада мереке ұйымдастырмақшымыз, бір-бірімізге сыйлық сыйлайтын болып шештік. Өйткені 17 қараша – халықаралық шала туған сәбилер күні.


Соңғы жаңалықтар