Шәкен Аймановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Топжарған» эссе-кітабы жарық көрді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Шәкен Аймановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Топжарған» эссе-кітабының тұсаукесері өтті.

Естелік кітап пен фотоальбомның тұсаукесеріне Х Еуразия кинофестиваліне келген шетелдік қонақтар, ресейлік кино жұлдыздар, сондай-ақ, Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтымбаев, Қасым Бегалин, Әлімғазы Райымбеков, Тамара Смайлова сынды қазақстандық мәдениет және кино қайраткерлері қатысты. Таныстырылым барысында Асанәлі Әшімов режиссер Шәкеңнің өмірінен естеліктер айтып берді. «Оның ерекшелігі - үнемі жұмыс тобын кино алаңында күлкіге қарық қылып жүретін. Шәкенмен жұмыс істеу өте оңай еді. Алайда, ол адамның өтірік ойнап тұрғанын бірден сезіп қалатын. Өтірік ойнап тұр ма, беріліп тұр ма бәрін біліп тұрады. Шыншыл адам болатын. Оның киноларындай туында қазір жоққа тән. Әсіресе, комедия жанрында шығыңқырамай жатыр. «Тақиялы періште» мен «Наш милый, доктор» қазіргі біздің азығымыз десек те болады», - деді Асанәлі Әшімов. 16 жасында алғаш киностудияның табалдырығын аттаған актриса, киносыншы Шолпан Алтайбаева да Шәкен Аймановпен бір заманда туып, жұмыс істегенін мақтаныш тұтатынын жеткізді. «Шәкен өз халқының, ұлтының лайықты өкілі болатын. Еуропа да, әлем де Қазақстанды Шәкен Кенжетайұлы Айманов арқылы танитын. Ол соқпақ жол салды. Сол жолмен қазір қазақ киносының өкілдері, режиссерлер жүріп келеді», - деді Ш.Алтайбаева. Отандық кинематографияны аяғына нық тұрғызған классиктің мерейтойына орай фестиваль арасында өткізілетін шаралар мұнымен аяқталмайды. Бүгін «Цезарь» кинотеатрында режиссер Болат Нүсіпбековтің «Шәкен Айманов - аңыз адам» деректі фильмінің тұсауы кесіліп, қазақ киносының негізін қалаушы режиссерді еске алу кеші өтеді.

Соңғы жаңалықтар