Шәкен Айманов туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ киносының Құлагері Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толуына орай ұлы режиссер туралы көптен күткен деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Салтанатты шарада болған тосынсыйлардың бірі - Шәкеннің алтын қордағы даусы реставрацияланып, көпшілік тыңдауына ұсынылды. Аудиожазбада Шәкен отбасылық отырыс-жиындардың бірінде халық композиторы Мәдидің «Қарқаралы» әнін шырқаған.

Мұражай қызметкері Саян Ақмолда аталған жазбаны өте құнды жәдігерге балап отыр.

Сондай-ақ, фильм барысында режиссердің тағы бір айтқан әні келтіріледі. Сапарғали Бегалиннің сөзіне жазылған «Жиырма бес» әнін домбырамен айтқан Шәкеннің таза даусы енді алтын қорда мәңгілік сақталатын болады.

Фильм авторлары сирек кадрларға қол жеткізу үшін Қазақстан мен Ресей мұражайларының жәдігерлерін ақтаруға тура келгендігін айтады.

Деректі туындыда Шәкеннің көпқырлы өмірі мен шығармашылық жолы жан-жақты ашылады. Ұлы режиссермен жұмыс істеу бақытына ие болған Асанәлі Әшімов Шәкеннің арқасында кинодағы ірі тұлға Владислав Стржельчикпен қалай танысқанын айтса, ресейлік киносыншы Григорий Чухрай арадағы қыл өтпес достықты, кино саласының майталмандары Марлен Хуциев, Андрон Кончаловский Шәкен өмірінің соңғы жылдары жайлы баяндаған.

Жаңа деректі туынды қоғам және мәдениет, кино майталмандары арасында үлкен ықыласпен қабылданды.

Фильм режиссері Болат Нүсіпбековтың айтуынша, деректі фильм қараша айында барлық телеарналардан көрерменге жол тартады.

Соңғы жаңалықтар