Шәкәрімнің «Саят-қора» экспозициясы жөнделді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - 2006 жылдың қараша айында Жидебайда ұлы Абайдың шәкірті, философ, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының мұражайы ашылған еді. Мұражай Шәкәрімнің «Саят-қора» экспозициясы деп аталады. Биыл мәдени нысанға 12 жылдан кейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жәдігерлер әкелінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл Шәкәрім қажының 160 жылдық мерейтойына орай тозығы жеткен мәдени нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Музей кіреберісі қайта қаланып, жаңаша бой көтерді. Барлық жұмыстарды музей қызметкерлері «Ақшың» корпорациясының басшысы Марат Құрманбаевтың ақшалай көмегінің арқасында өздері жасап шыққан.

«Саят қора» экспозициясы ақынның өмірі мен соңында қалдырған мұрасын насихаттауға арналған. Абай қорық-музейінің қорында жинақталған ақынның өскен ортасы, алған білімі туралы естеліктер, ой-танымын көрсететін әдебиеттер, Абаймен қарым-қатынасына байланысты материалдар, қажылық сапары, қоғамдық қызметі мен Алашорда үкіметіне қатысы туралы мұрағаттардан табылған деректер, қолжазбалар мен ақын шығармаларының басылымдары, мұрагері Ахат Шәкәрімұлының жеке заттары мен сол заманнан хабар беретін этнографиялық заттар орын алған. Жөндеу жұмыстарынан кейін тағы да толықтыру жұмыстары жүргізілген.

«Биыл Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойына орай «Саят қора» күрделі жөндеуден өтіп, реэкспозиция жасалды. Бұл жұмыстар «Саят қораның» тақырыптық мазмұнын байытып, экспонаттар қатарын молайтуға мүмкіндік береді. Жалпы құрылыс мамыр айында басталып, шілде айының соңында аяқталды. Абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Экспонаттар әкелінді. Олардың ішінде ат әбзелдері, жабайы аң терілері, шежіре мен танымдық материалдар, сол заманның тұрмыстық заттары бар. Әсіресе, Шәкәрім бабамыздың замануи материалдан сомдалған келбеті жұртшылық көңілінен шықса керек»,-деді музей директоры Болат Жүнісбеков. 

Соңғы жаңалықтар