Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына бүгін - 160 жыл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1858 жылы Ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, тарихы әрі ғұлама ойшыл, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлы дүние есігін ашқан. Ақынның туғанына бүгін тура 160 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шәкәрім Құдайбердіұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында дүниеге келген. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбайұлының қолында тәрбиеленген. Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына осы жағдайдың зор әсер еткенін айта кету керек. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білген ол жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағытты ұстанған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған.

Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы сан-салалығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!» өлеңінде талапты жастарды ұлы Абайдан үлгі-өнеге алуға, содан үйренуге шақырса, «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» өлеңдері Абай үлгісінде жазылып, адамның өмір жасын жыр етті. «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарды, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алды. Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп, («Анық асық әулие», «Шын сырым») адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндеді. «Жастарға», «Арман», «Насихат» атты өлеңдерінде әртүрлі тап пен топ өкілдерінің ниет, мақсаттарын шеней келе, қоғамда әлі моральдық өлшемнің дұрыс қойылмағанын сөз етті. Ақынды қатты толғандырған мәселенің бірі - қару-жарақтың адам мен табиғатқа қарсы жұмсалуы, империалистік соғыс кезінде адамның қырылуы, озбырлық пен зорлықтың орын алуы болды. Мұндай келеңсіз кесепаттарға қарсы жазылған өлеңдері Шәкерімнің интернационалдық ой, толғаныстарының биіктігін, заманалылығын аңғартады.

Шәкәрім Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман - Мамыр» дастанын жазып шыққан. Мұнда кіршіксіз махаббат дәріптеліп, ел билеушілер орнатқан қатыгез тіршілікке қарсылық, оны айыптау бар. «Еңлік - Кебек» дастанында бірін-бірі сүйген екі жастың қасіретін ескілікті салт-сананың қатып қалған уағыздарымен байланыстырады. «Әділ - Мария» романында шынжыр балақ, шұбар төс алпауыттардың зорлық-зомбылығына қарсылық білдіріп, революцияның жеңісін хабарлаумен аяқтайды. Сондай-ақ ақынның «Қодардың өлімі», «Крез патша» атты дастандары бар.

1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Ыстанбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдары негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі» кітабын, ислам дінін қазақ мүддесіне үйлестіре түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» атты еңбегін жазған. Бұл тұста ақынның діншілдігі ғана емес, үлкен ойшыл философ екендігі айқын танылды. Ол жаратушы Алланы ақылға салып түсінуге ұмтылып, дін бұзушыларды қатты сынға алған.

Орыс, батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырған ақын Лев Толстойдың шығармашылығын аса жоғары бағалап, өз халқын дүние жүзінің озық мәдениетін игеруге шақырған. Өзін ғұмыр бойы Л.Толстойдың шәкіртімін деп санап, онымен хат жазысып тұрған. Америка жазушысы Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін, А.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударған. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлаған. Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болған. Бұл орайда 20-шы ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болып, Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білген. Абайдың реалистік дәстүрлерін жалғастырып, эпикалық жанрдың дамуына үлкен үлес қосқан. Шығармаларында демократиялық, халықтық және гуманистік көзқарастырды насихаттаған. Таза да жарқын махаббатты жырлай отырып, бас бостандығы идеясын алға тартқан, оның асыл мұраттары үшін күреске шақырған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1931 жылы бандылармен байланысты деген жалған айыптаумен кеңес қарулы топ мүшелерінің қолынан өлім құшады. Араға алпыс жылға жуық уақыт салып қана ақын аты ақталды.


Фото: qazaqadebieti.kz

Соңғы жаңалықтар