Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына - 159 жыл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 24 шілде күні ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі - Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге келгеніне тура 159 жыл толады. «Халық жауы» ретінде жарты ғасырдан астам уақыт бойы шығармашылығына тыйым салынған ақынның есімі 1988 жылы толық ақталған.

Адамдық борышың - халқыңа еңбек қыл... «Мен қазақпын» деген естінің өмірлік мақсат-міндетін екі-ақ ауыз өлеңге сыйғызған ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылдың 24 шілдесі күні бұрынғы Семей облысы Абай ауданында туған. Шәкәрім - ұлы Абайдың немере інісі, Құнанбайдың бәйбішесі Күнкеден туған Құдайбердінің баласы. Әкесі бар болғаны 36 жасында мезгілсіз қайтыс болған уақытта Шәкәрім жеті жастағы бала болған.

Атасы Құнанбайдың бауырында өсіп, ағасы Абайдың тәлімін көрген Шәкәрімнің өлең-жырларына адамдық пен елдікті ту етуіне, ұлттың жоғын жоқтауына алдыңғы алғыр буынның тәрбиесі негіз болғаны сөзсіз. Жасынан сауат ашқан жалынды жас араб, көне түркі, парсы, орыс тілдерін білген.

Есейген шағында Шәкәрімнің «Абай болмаса, ақын болуым екіталай еді» дегені бар екен. «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық» деген өлеңінде «Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан, Жалыналық Абайға, жүр баралық!» деп Шәкәрім түзу жолға тек Ұлы Абай бағыттай білетінін білдіргісі келеді. Ақынның жоғарыда аталған «Жастарға» өлеңі 19 жасында жазылған екен.

Ел ісіне ерте араласқан Шәкәрім 20 жасында өз елінде болыс болады. Алайда көп уақыт өтпей Абайдың ақылымен болыстықты Оспанға тапсырған. Абайдық ақылымен Шәкәрім өмірінде әлемнің бірнеше елдерін аралап, Меккеге дейін барған. Ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырып, Ыстанбұл, Париж кітапханаларынан өз халқының тарихына қатысты кітаптардан сусындайды. Аристотель, Ибн-Сина, Ұлықбек, Кант, Платон, Сократ, Әбунасыр сияқты философтарының еңбектерін зерттеген Шәкәрімнің философиялық ой-танымына таңданбасқа болмайды.

Ақынның «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тұңғыш кітабы 1911 жылы жарық көрген. Шәкәрімді философ, тарихшы, ойшыл ретінде де танытатын «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» атты туындылары, әлеуметтік-ағартушылық арнадағы «Жолсыз жаза», «Қалқаман - Мамыр», «Ләйлі - Мәжнүн» т.б. жыр жинақтары мен поэмалары басылып шыққан. Оның жүрегінен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туған.

Өмірінің соңғы уақыттарын Шәкәрім елден жырақта өткізеді. Сайқал саясаттың салдарынан «Елімнен кеттім елсізге, елуден асқан жасымда...» деп ақынның күңіренетіні де сондықтан. 73 жасында Шәкәрім жазалаушылардың қолынан мерт болады. Сұмдық оқиға 1931 жылы күзінде болған. Ақын өмірінің соңын қара сөздің қарагері Қабдеш Жұмаділов «Аққуды атпас болар» атты шығармасында баян етеді. Шолақ белсенділердің ақынға жасаған қиянаты аталған шығармада кеңінен қаузалған.

Шәкәрімнің денесі жапандағы құр құдықта көмусіз отыз жылдай жатады. Кейін ғана, жазалаушы отрядтан аман қалған ұлы Ахат деген азамат Шәкәрімнің денесін арулап, дұғасын оқып, жерледі деген дерек бар.

1988 жылы Шәкәрім ақталып, оның өлмес, өшпес мұрасы халқына қайта оралды. Осы жылы ақынның «Жазушы» және «Жалын» баспасынан өлеңдер, ал «Өнер» баспасынан ән жинақтары жарық көрді. Тап осы жылы қажының 130 жылдығы Абай ауданы, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды. Осы жылдар аралығында Семейдегі негізгі жоғары оқу орнына Шәкәрімнің есімі беріліп, ескерткіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл ақын есімімен аталды. Мұның сыртында қаладағы байырғы бір қазақ мектебі ақын есімін иеленді. 2016 жылы Шығыс Қазақстанда облысының орталығы Өскемен қаласындағы іргелі саналатын №1 қазақ мектебіне Шәкәрімнің аты берілді.

Соңғы жаңалықтар