Шахтинскіде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталық ашылды

None
ШАХТИНСК. ҚазАқпарат – Шахтинск қаласында №6 облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК) ашылды. Онда Шахтинск, Саран, Абай және Нұра аудандарынан туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар 50 мыңнан астам балаға қызмет көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа ПМПК №3 жалпы білім беретін мектепте орналасқан. Орталықта жылына 800-ге жуық балаға қажетті көмек пен кеңес ала алады. Бұл облыстағы жұмыс істеп тұрған ПМПК-ге балалардың кезегін екі есе азайтуға мүмкіндік береді.

«Ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беру мәселесі басты назарда. Облыста балалардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін арнайы инклюзивті білім беру инфрақұрылымы дамып келеді. ПМПК желілерін кеңейту – бағыттардың бірі», - дейді № 6 Қарағанды облыстық ПМПК басшысы Ақмарал Мұқашева.

ПМПК-да кедергісіз орта құрылды, пандустар бар, табалдырықтар жоқ, тактильді жолдар, тұтқалар орнатылған, мамандар штаты жасақталған.

Кабинеттерде балаларды тексеру және кеңес беру үшін барлық қажетті жабдықтар мен диагностикалық әдістер қарастырылған.

Шахтинск тұрғыны Қасиет Башкенова жаңа ПМПК-ға алғашқылардың бірі болып қосылды. Ол өзінің алты жасар қызы Айымды осында әкеледі. Бұрын келіншек баласын Қарағандыға тасуға мәжбүр болатын.

«Бұрын біз Қарағандыға сапар шегуге көп уақыт жұмсайтынбыз, автобустан автобусқа отырудың өзі де біраз уақытты алатын. Одан қалса кезегімізді ұзақ күтуге тура келетін. Ал мұнда барлығы жақын, білікті көмек ала аламыз. ПМПК мамандарына бара бастағаннан бері қызым ашылды, оның есте сақтау қабілеті жақсарды. Аптасына екі рет логопед, дефектолог және психологпен бір сағат айналысамыз. Нәтижелер қуантады», - дейді Қасиет Башкенова.

Баланы ПМПК-ға тексеруге жазу үшін ілеспе құжаттарды қоса ұсына отырып, электрондық немесе қағаз түрінде өтініш беру қажет. Сонымен қатар, туу туралы куәліктің, мүгедектік туралы қорытындының (бар болса), дәрігерлік-консультациялық комиссияның денсаулық жағдайы бойынша үйде оқыту қажеттілігі туралы (үйде оқитын балалар үшін) сканерленген көшірмелерін ұсыну кереу.

Баланы консультацияға тіркеу үшін №6 ПМПК кеңсесіне хабарласуға немесе жеке кабинетте тіркелу арқылы жазылуға болады.

Облыстағы ПМПК-нің біріне баласын кезекке қойған Шахтинск, Саран, Абай және Нұра аудандарының тұрғындары №6 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясына қайта тіркеле алады.


Соңғы жаңалықтар