Шахтинск қаласында мүгедек балаларды дамыту орталығы жабылып қалуы мүмкін

None
None
ШАХТИНСК. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы, Шахтинск қаласында мүгедек балалардың ата-аналары дабыл қағуда. Балалар жаттығатын даму орталығы ғимаратсыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кекеш, аутизм және Даун синдромы бар балаларға арналған даму орталығы бес жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Онда 20-дан астам бала айналысады. Жақында сабақтар өтетін ғимараттан айырылу қаупі туындады.

Орталық иелері ғимаратты сатып алмақшы болған. Алайда банк оларға несие беруден бас тартты.

«Банктер бізге несие беруден бас тартады, өйткені өткен жылдардағы табысымыз өте аз болды. Дәрігерлердің санитарлық талаптары бойынша нысанда балаларды қабылдауға шектеулер болғандықтан, біз сабақтарды жүргізе алмадық», - дейді даму орталығының жетекшісі Елена Ратащук.

Бұл жағдай туралы білген соң, орталыққа келген балалардың ата-аналары дабыл қаға бастаған. Олар қала билігінен үй-жай мәселесін шешуді өтінуде.

Шахтинск қаласының білім беру бөлімінде балалар көшеде қалмайды, оларды мемлекеттік балабақшалар қабылдайды деп сендірді. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін онда 200-ден астам орын бар. Сондай-ақ, білім бөлімі мемлекеттік тапсырыс бойынша 75 балаға қаражат бөлуге дайын екендерін жеткізді. Алайда орталыққа қойылып отырған міндетті шарт – сабақтарды өткізу үшін ғимараттың болуы.

«Кәсіпкер айына 4 млн теңгеге дейін алады. Тиісінше, мемлекет осы білім беру ұйымына қаражат бөлу үшін олардың материалдық-техникалық базасы құрылуы керек деген талап қояды. Өңірде бос ғимараттар бар», - дейді Қалалық білім бөлімінің басшысы Николай Онсович.


Соңғы жаңалықтар