Шахтинск қаласында автовокзал қалпына келтіріледі

None
None
ШАХТИНСК. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Шахтинск қаласындағы автовокзалды қалпына келтіруді тапсырды. Ғимарат 20 жылдан астам уақыт жеке меншікте болған және жұмыс істемеген.

20 жыл аралығында нысанның бес рет иесі ауысқан. Бірақ олардың бірде-бірі ғимаратты тиісінше пайдаланбаған. Қала тұрғындары бірнеше рет автовокзалды ретке келтіруді сұраған болатын.

«Сын айтылып жатқанын көріп отырмыз. Қала тұрғындарына автовокзал қадет. Оны тиісті жағдайға жеткізіп, ел игілігіне беріңіздер. Бұл ғимарат осы күйінде қаланың кіреберісінде тұр. Жөндеуге қажет қаражатты бюджет көтере алады. Сондықтан оны биыл жөндеңіздер», - деді Жеңіс Қасымбек Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймаковқа.

«Біз өткен жылы автовокзалды коммуналдық меншікке ауыстырдық, техникалық сараптама жасадық. Инженерлік коммуникациялар ретке келтіріле бастады. Сондай-ақ, шатырды толығымен ауыстырып, ғимараттың ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек», - деді Сержан Аймақов.

Жеңіс Қасымбек Шахтинск қаласына жұмыс сапары кезінде автобекетті ғана емес, қаланың бірнеше кәсіпорындары мен білім беру ұйымдарын да аралап қайтты. Облыс әкімі А.Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебінде болды. Сондай-ақ жұмыс кадрларын даярлайтын Шахтинск технологиялық колледжі үшін Жұмыспен қамту жол картасы бойынша бөлінген 200 млн теңгеге жуық қаражат қай бағытқа және қалай жұмсағандарын тексерді. Айта кету керек, бұл лифтілер мен эскалаторларды жөндеу және қызмет көрсету бойынша мамандар шығаратын аймақтағы жалғыз мекеме. Жақында мұнда газбен жабдықтау қызметі үшін дәнекерлеушілерді оқыту басталды.

Өткен жылы оқу мекемесінің 50 жылдық тарихында мұнда алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді, оқу корпустары жаңартылды.

«Колледж «АрселорМиттал Теміртаумен« тығыз байланыста. Біздің түлектер үшін бұл негізгі жұмыс беруші. Біз онымен шарт жасастық, енді студенттерді дуалды білім беру бойынша «АМТ« тапсырысына арнайы дайындап жатырмыз. Бізде 13 мамандық бойынша мыңға жуық адам оқиды. Колледжді жөндегеннен кейін жатақхана мәселесі көтерілді. Биыл бізге оны жөндеуге қаражат бөлінді. Басқа қаладан келген студенттер үшін бұл, әрине, өте жақсы жаңалық», - деді Шахтинск технологиялық колледжінің директоры Әлия Сәттібаева.

Моноқаланың индустриялық бағыттылығын ескере отырып, Шахтинск қаласында мектеп оқушыларына қосымша техникалық білім беруге көп көңіл бөлінеді. Мысалы, балалар-жасөспірімдер орталығында 22 үйірме кабинеті, техно орталық, FabLab (оқу станоктары бар зертхана) және STEM-зертхана жабдықталған. Балалар гидропониканы үйренеді, Кемелерді модельдейді, электронды дизайнды үйренеді және тағы басқалар.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Шахтинск қаласына жұмыс сапары барысында қаланы дамыту жөнінде кеңес өткізді. Сержан Аймаков биылғы жылы Шахтинск қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылатынын, 230 пәтерлі үйлер салынатынын және Шахан кентінде қазандық құрылысы аяқталатынын баяндады. Содан кейін үйлерді орталық жылуға кезең-кезеңмен қосу басталады.

Жалпы, белгілі бір оң нәтижелерге қол жеткізілді, бірақ жұмыс фронты әлі де үлкен. Бірқатар проблемалық мәселелер қалып отыр, атап айтқанда: сумен жабдықтау, аулаларды абаттандыру және ЖЭО жөндеу.

«Мұның бәрін біз қалай шешетініміз туралы пайым бар. Тұрғындардың сынын назардан тыс қалдырмаңыздар!» - деп Жеңіс Қасымбек қала басшылығына тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар