Шахтинск қаласы маңында екпе орман өртенді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының маңында орналасқан екпе орманда өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалын 500 шаршы метр аумаққа жайылды, орман алқабын шарпыған отпен күреске 16 адам және 4 арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1 шілдеде сағат 15:49-да Шахтинск қаласының «Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы» КММ аумағында орман алқабында өрт туралы хабарлама келіп түсті.

Орман алқабының аумағында 100 шаршы метр алаңда ағаштар мен бұталар және 400 шаршы метр алаңда шөп өртенді.

«Тілсіз жау 16 сағат 23 минутта ауыздықталды. Өртті сөндіруге ТЖ департаментінің (9 адам және 2 техника) және Қарағанды орман шаруашылығының ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі күштері мен құралдары (7 адам және 2 бірлік техника) тартылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Қарағанды облысында ауа райының ыстық болуына байланысты өрт қаупі жоғарылады. Биыл 12 сәуір мен 31 қазан аралығында өңірдегі мемлекеттік орман қоры аумағында тоғыз орман өрті болды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыс тұрғындарын табиғатты қорғауға және орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар