Шахтадағы апат: Министр 2 кеншінің қалай аман қалғанын айтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Абай шахтасында көз жұмған 6 кенші метан газы тараған кезде құтқару құралын киіп үлгермей қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қарғандыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде осындай мәлімет берді.

«Төтенше оқиға таңғы сағат 8.24-те болғанын айттым. Кенжарда кенеттен метан газы босап шыққан. Біз дачиктерді қарап шықтық. Диспетчерлік қызмет ауадағы метан газының концентрациясы бірнеше есе – 41 пайызға дейін артып кеткенін анықтады. Кенжардағы сегіз адамның алтауы тіпті құтқару құралын киіп үлгермей, сол жерден көз жұмған. Осы шахтаның кіреберіс ауызында болған 2 адам алғашқы құтқару құралдарын киіп үлгергендіктен, ауыр жағдаймен ауруханаға түсті. Әзірге алғашқы мәліметтер осындай.

Метан газының босап шығуына не себеп болғанына келсек, оны комиссия анықтайды. Бәлкім қандай да бір технологиялық процестер бұзылды ма, метанның кенет шығуына не түрткі болғанын солар тексереді», - деді Юрий Ильин.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің басшылығымен оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды.

Апат салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің есімдері.

ҚР ТЖМ басшысы Юрий Ильин БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар