Шахтадағы апат: қаза тапқан кеншінің отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі - Қарағанды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы қаза тапқан кенші Николай Шадировтың отбасына барлық қажетті көмекті көрсетуге уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компанияның ресми сайтында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ұжымы мен басшылығы Ленин атындағы шахтада болған оқиғадан қаза тапқан бұрғылау қондырғысының машинисі Николай Шадировтың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтатыны туралы хабарлама келтірілген.

Компания қаза тапқан кеншінің отбасына Қазақстан Республикасының заңнамасына және ұжымдық шартқа толық сәйкес барлық қажетті көмек пен қолдау көрсететіні туралы жазған.

Николай Шадиров, бұрғылау қондырғысының 5-ші разрядты жерасты машинисі, компанияның көмір департаментінің «Спецшахтомонтаждегазация» басқармасында 16 жыл, оның ішінде 15 жыл бұрғылау қондырғысының машинисі болып жұмыс істеді.

Бұған дейін хабарланғандай, 13 қаңтарда кешке Ленин шахтасында бұрғылау жұмыстары кезінде газ бен көмір атындысы орын алды. Оқиға кезінде шахтада 3-ші ауысымның 137 қызметкері болған. Бұрғылау қондырғысының машинисінен басқа барлық кеншілерді шахтаның бетіне шығару мүмкін болды.

Оқиғаны тергеу бойынша мемлекеттік комиссия құрылды.


Соңғы жаңалықтар