Шахматшы Магнус Карлсен америкалық гроссмейстерді қулық жасады деп айыптады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шахматтан әлем чемпионы Магнус Карлсен алғаш рет қарсыластарының бірі, америкалық Ханс Ниманды алдады деп ашық айыптады. Бұл туралы ҚазАқпарат ВВС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Карлсен соңғы кезде Ниманды айыптап, бірақ сөзіне ешқандай дәлел келтірмеді.

Карлсен бұдан үш апта бұрын Сент-Луисте 19 жастағы Ниманнан күтпеген жерден жеңіліп қалған соң жасырын айыптаулар айтқан болатын.

Ниманның өзі болса адал ойнағанына сендіріп, өз кезегінде Карлсенді мансабын жоюға тырысты деп кінәлап отыр.

Америкалық спортшы Chess24 арнасына берген сұхбатында рейтингін көтеру және мықты ойыншылармен ойнау үшін 16 жасында Chess.com онлайн платформасындағы кездейсоқ партияларда кейде ойында қулыққа барғанын мойындады.

Бұл ретте шахматшы нағыз ойында мұндайды ешқашан жасамағанын баса айтты.

Жанжал қыркүйектің бірінші жартысында, Ниман Сент-Луистегі турнирде (Синквфилд кубогы) Карлсенге қарсы ойында жеңіп, норвегиялықтың 53 ойыннан тұратын жеңіліссіз сериясын бұзғаннан кейін басталған.

Ең ұлы шахматшы деп саналған Карлсен жеңіліске ұшырағаннан кейін турнирдің аяқталуына әлі алты раунд қалса да, ойыннан шығып кетті.

Осыдан кейін ол Twitter-де футбол жаттықтырушысы Жозе Моуриньоның «Егер мен сөйлесем, үлкен қиындыққа тап боламын» деген бейнеклипін жариялады.

Өткен аптада қарсыластар тағы да кездесті, бұл жолы турнир онлайн өткен. Карлсен бірінші қадамнан кейін ойыннан бас тартты.

Кейінірек түсіндіргендей, бұл әрекеті Ниманның алдауына және оның турнирге қатысуына наразылығы болған.

Карлсен турнирде жеңіске жетіп, кейін жанжал туралы ашық айтуға уәде беріп, «шахматтағы алдауды қатаң қарастыруды» қалайтынын айтты.






Фото: www.bbc.com

Соңғы жаңалықтар