05:23, 04 Тамыз 2022 | GMT +6
Шахмат олимпиадасы: Қазақстан әйелдер құрамасы бірінші рет жеңілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістанда өтіп жатқан Шахмат олимпиадасында Әзербайжанға есе жіберді. Бұл - қазақстандық шахматшылардың аталған сайыстағы алғашқы жеңілісі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спорт Шредингера» тelegram -каналының хабарлауынша, әйелдер құрамасы Әзербайжан командасынан 1:3 есебімен ұтылған. Ал, Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева қарсыластарымен тең түссе, Ксения Балабаева мен Гүлісхан Нахбаева жеңіліп қалды.
Осылайша, әйелдер құрамасының еншісінде 4 жеңіс, 1 тең ойын және 1 жеңіліс бар. Бұл көрсеткішпен қазақстандық команда Үндістандағы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының турнир кестесінде 6-орыннан 14-орынға сырғыды. Ертең - спротшылар үшін демалыс күні. Кейін 5 тамызда Қазақстан әйелдер құрамасы Вьетнаммен ойнайды.
Еске салсақ, кеше Шахмат олимпиадасында Қазақстан ерлер құрамасы Чехияны 2,5:1,5 есебімен ұтқанын жазып едік.