Шаханда мерт болған әрбір тұрғын үшін 1 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ: ҚазАқпарат - Қарағанды облысының билік өкілдері Шахан кентінде құлаған көпқабатты үйдің зардап шеккен және құрбан болған тұрғындарының отбасыларына материалдық көмек көрсетеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. 

«Мерт болған отбасының әрбір мүшесіне 1 миллион теңге материалдық көмек көрсетіледі. Ауруханада жатқан, зардап шеккендер үшін 500 мың теңгеден төленеді»,-деді облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әлия Сыздықова.

Әкімдік қайтыс болғандарды жерлеу мен ас беру шығындарын өз мойындарына алады. Бұған қоса тиісті заңнамаға сәйкес, арнайы комиссия жұмысының шешімімен келтірілген шығын бюджеттен төленеді.

Айта кетейік, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минуттар шамасында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Шахан кентінде көпқабатты үйдің құлағаны жөнінде арнайы хабар келіп түскен. Оқиға орнынан төтенше жағдайлар қызметінің күш-құрылымдары мен арнайы техникалары жөнелтіліп, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Шахан кентінің әкімдігі жанынан 8 (72156) 3-24-17 нөмірі бойынша, жедел желі қызметі ұйымдастырылды.

Қираған үйдің үйінділерінен 9 адамның мәйіті табылды. Олардың 3-уі ер адам, 3-уі әйел адам, тағы үшеуі балалар. Ресми тізімді Қарағанды облысының төтенше жағдайлар қызметі ұсынды. Құрбан болғандардың арасында 2016 жылы туған екі нәресте бар. 32 жасар ер азамат үйінділердің астынан аман шықты.

Үйдің құлауына 4-ші подъездің жертөлесінде орналасқан қазандықтың жарылуы себеп болған. Құлаған үй 1987 жылы салынған. Апат болған подъезде 10 пәтер болған. Әкімдіктің мәліметтері бойынша, үйде 118 адам тұрып жатқан. Құлаған подъезде 25 тұрғын, қонақтарды қоса алғанда шамамен 30 адам болған.

Шахандықтар орталықтандырылған жылу жүйесі болмағандықтан жылу мәселесін өздері шешкен. Билік өкілдерінің мәліметтерінше, жаңа қазандық салу жоспары 2013 жылға қойылған. Жоба-сметалық құжаттар дайындалғанымен қаржы мәселесі қолбайлау болып келген. Қайғылы жағдайға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты. Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкімі мен өзге де құзырлы орган өкілдеріне зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіп, оқиғаның себеп-салдарын анықтауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар